Елордалық құтқарушылар мұз ойылып, суға түсіп кеткен ер адамды құтқарды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордалық құтқарушылар мұз ойылып, суға түсіп кеткен ер адамды құтқарды

27.03.2019

Мұз үстімен Есіл өзенін кесіп өтпек болған ер адам суға түсіп кетті. Абырой болғанда, аман қалды. Дер кезінде жеткен құтқарушылар оны судан алып шығып, алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Дәрігерлер жағдайының дұрыс екендігіне көз жеткізіп, үйіне шығарды.

Құтқарушылар оқиға орнына 8 минутта жеткен. Ұжымдаса қимылдап, 57 жастағы ер адамды мұз астынан алып шықты.

Мұз жұқарған сайын мұндай оқиғалардың жиілейтіні белгілі. Әсіресе, балықшылар оқыс оқиғаларға жиі тап болады. Осыны ескерген құтқарушылар оқу-жаттығу шараларын өткізді. Алғашқы көмекті қалай өткізу керек екендігін тағы бір пысықтап алды.

Тұрғындарға қойылатын талап та қатаң. Мұз бетіне құтқару жилетінсіз шыққан адамға 3-5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.

Эльдор Райымбеков, Нұр-Сұлтан қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің бөлім бастығы:

- Астаналық су қоймасы бойынша су жіберіліп жатыр. Сол себепті күнделікті 2-3 сантиметрге мұз азайып жатыр.

Суда құтқару қызметі жыл басынан бері 57 рейд өткізіп, 1000-нан астам жадынама кітапшасын таратқан. Балықшылармен жеке-жеке түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу