Бүгін саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні

31.05.2021

Осы атаулы күнге орай Мемлекеттік хатшы, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия төрағасы Қырымбек Көшербаев АЛЖИР мұражай-мемориалдық кешеніне барды. Рәсімге қатысушылар құрбандарды «бір минут үнсіздікпен» еске алды. Қырымбек Көшербаев АЛЖИР тұтқындарын, өзге де лагерлерде жазықсыз қуғынға ұшыраған адамдар мен отбасы мүшелерін ақтау негізгі міндет екенін атап өтті.

Жазықсыз жазаланған құрбандарды толық ақтап алу туралы комиссия Президенттің пәрменімен былтыр құрылған. Қазір оның құрамында 11 жұмыс тобы, 2 кіші және 17 аймақтық комиссия бар. Олар Қазақстандағы ғана емес өзге елдердің архивтеріндегі құжаттарды зерттеумен айналысып жатыр.

Қырымбек Көшербаев, ҚР Мемлекеттік хатшысы:
Тарихи құжаттар, архивтер ашылды.  Қуған сүргіндердің құрбандарын, алапат қасірет ашаршылықтың құрбандарын барлығын толық ақтап, барлық тарихи құжаттарды елге жария етпей мемлекеттік комиссия өзінің жұмысын аяқтамайды.

Қиын қыстау заман туралы дәлелді құжаттар мен дәйектер тарих қатпарларынан өтіп, біздің заманға жеткенше құпия сақталды, бұрмаланды кейбірі тіпті жоғалып кетті.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:
Бұл еске алу тақтасында 7270 әйел адамның есімі жазылған. Ал, жалпы ақпарат бойынша кеңеғс одағының түкпір түкіпірінен дәл осы АЛЖИР-ға 18 мыңға жуық адам айдалған екен. Қазір өзгелерінің кім және қайдан келгендері туралы зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Саяси қуған-сүргін құрбандарын толық ақтап алу туралы комиссия құрылғалы қыруар шаруа атқарылды. Бастысы бұрын еш жерде айтылмаған ақпараттарға қол жеткізу мүмкіндігі туды. Әсіресе бұған дейін қарапайым мұражайлардың қолы жетпеген шет елдердегі архивтермен мемлекеттік деңгейде келіссөздер жүргізіліп жатыр.

Самат Тергенбаев, Алжир мемориалды-мұражай кешені директорының орынбасары:
Израильге, Америкаға, Грузияға, Санкт-Петербурге бардық.  Енді міне қазір архивте жұмысты бастап жатырмыз. Құпия архивтерге Президенттің тапсырмасынан кейін бізге мүмкіндік берді кіруге. Соның ішінде халық білмейтін жаңа ақпараттар өте көп.

Сондай-ақ, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева саяси-қуғын сүргін құрбандарына тағзым етіп, мемориалды тақтаға гүл шоқтарын қойды. Бұдан әрі ел тарихын зерттеуге үлесін қосып жүрген жас мамандармен кездесіп, тарихи датаның маңызына тоқталды.

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу