Ресейде коронавирус жұқтыру оқиғалары қайта көбейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресейде коронавирус жұқтыру оқиғалары қайта көбейді

31.05.2021

АҚШ-тағы Джонс Хопкинс университетінің бүгінгі мәліметінше, әлемде коронавирус жұқтырғандар 170 миллионнан, ал осы инфекциядан қайтыс болғандар 3 жарым миллионнан асып, вакцина салдырғандар 1 миллиард 900 миллионға жақындап қалды. 

Ресейде коронавирус жұқтыру оқиғалары қайта көбейді. Өткен тәулікте мұнда 9694 адамға ковид диагнозы қойылған. Жалпы, пандемия басталғалы Ресейде коронавирус 5 миллионнан астам адамнан табылды. Бұл ел вирус жұқтыру бойынша АҚШ, Үндістан, Бразилия, Франция, Түркиядан кейінгі алтыншы орында.

Ал Бразилияда ондаған мың адам Рио-де-Жанейро көшелеріне шығып, президент Жаир Болсонаруға импичмент жариялауды талап етті. Демонстранттар вирустан адамдардың тым көп өлгені үшін мемлекет басшысын айыптайды. «Болсонару жойылсын!», «Өмір, демократия, жұмыс, табыс!» деп ұрандатты. Айта кетсек, Бразилияда бұл індеттен 460 мыңнан астам адам қайтыс болды. Ел парламенті үкіметтің пандемиямен күрес тәсілі мен вакциналау науқанына қатысты тексеру жүргізіп жатыр.

Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу