Шығыс Қазақстандағы Ақжар ауылында 1 миллиард 300 миллион теңгеге жуық қаржы бөлініп, жөнделген кәріз жүйесі қолданыссыз жатыр. Ауылдың негізгі көшелеріне құбырлар салынып, лас суды тазартатын қондырғылар да орнатылған. Алайда, тұрғындар үйлерінің іргесінен қалдықтарды ағызатын шұңқыр қазып амалдап отыр. Қомақты қаржы жұмсалған жобаның не себепті аяқсыз қалғандығын әріптесім Ержан Жақып анықтады.
Ақжардағы үйлердің айналасы қазір мынадай қаптаған шұңқыр. Шыққан лас суды тұрғындар осылай ағызып отыр. Қыста қатып, жаз шықса сасық иіске, тұншығамыз, дейді халық. Ал жаңадан салынған кәріз жүйесі ғимараттарға қосылмаған.
Ақжарлық Жайна Бесбаеваның ауласында тіпті қазатын жер де қалмаған. Шұңқыр жасаймыз деп бақшасының іші астан-кестең болған.
Жайна Бесбаева, Ақжар ауылының тұрғыны:
Бұрын қызанақ, қияр егетінбіз. Енді міне су тартылып, слив жасап жатырмыз. Іргемізде тұр. Ертең үйіміз құлап қалса, кім жауап беретінін білмейміз.
Жауапты мамандар жаңадан құрылған кәріз жүйесінің іске қосылмауының себебі бар деп отыр. Құбыр тартып, қондырғылар орнатылған. Бірақ, тұрғын үйлер мен ғимараттарды қосуға қаржы қарастырылмаған. Енді олқылықты реттеу үшін жоба қайта жасалмақ.
Жарқын Түндікбаев, Тарбағатай аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы:
Әр үйдің қызыл шекарасына апару қарастырылмаған. Ол норматив бойынша рұқсат етілмеген. Енді әр тұрғындардың қызыл шекарасына апарып береміз-деп жеке жоба жасатуға қаражат бөлініп жатыр.
Жұмысты аяғына дейін жеткізу үшін қанша қаржы қажет екендігі де нақтыланбаған. Өйткені, алдымен жобалық-сметалық құжат дайын болуы керек. Сондықтан, 1 миллиард теңгеден астам қаржыға тартылған кәріз жүйесінің қашан кәдеге жарары белгісіз.
Ержан Жақып