Түркістан облысында төрт күннен бері тынымсыз жүргізілген іздестіру жұмыстары нәтижесін берді. Тауға шығып, із-түзсіз жоғалып кеткен жеті туристің үшеуі Өгем тау шатқалынан табылды. Құтқару операциясы қалай жүргізілді. Тілшіміз тарқатсын.
Адасқан туристерді құтқарушылар таңертең сағат 11-лер шамасында байқаған. Бір жарым сағаттан соң оқиға орнына екі тікұшақ жетті. Шатқалдағы туристерді мертіктіріп алмай алып шығу мамандар үшін оңайға соқпады.
Ерік Сарыбаев, облыстық ТЖД бастығының орынбасары:
Лебедка деген арнайы құрлығы арқылы 30 метр биіктікен құтқару операциясын жүргізді.
Үшеуі де дін аман. Табылған үш жігіттің бірі – ақтөбелік Бағдат Тілеуов, оралдық Диас Төлегенов және жезқазғандық Саят Өскенов. Студенттер медициналық көмекті қажет етпеді. Айтуларынша ауа райы күрт бұзылған соң олар жолдан адасып қалған. Қою тұман түсіп, қалың жауған қар жүрістерін өндірмей, қиындық туғызған.
Төрт күннен бері іздеу шараларын жүргізген өңірдің төтенше жағдайлар қызметінің басшылығы туристердің ас-ауқаты бітіп қалғанын айтады. Адасқан жастар шамамен 50 шақырым жерді жүріп өткен. Дегенмен ешбірі жатып қалмастан, қозғалыстарын тоқтатпаған. Олар іле Шымкент әуежайына жеткізіліп, Өгем Сайрам өткізу пунктінде жақындарымен табысты.
Айнұр Ақбаева