Тәуелсіздікпен бірге түлеген Шахтер ауылы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тәуелсіздікпен бірге түлеген Шахтер ауылы

27.05.2021

Қарағанды облысының Шахтер ауылында шаруа қожалығы тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай тұрғындарға хоккей корты мен саябақты тарту етпек. Ауылда жұмыссыз адам жоқ, орташа жалақы мұнда 200 мың теңгеден асады. Негізінен егін шаруашылығымен айналысатын елді мекен тәуелсіздік жылдары гүлденіп, үлгілі ауылға айналған.

Ауыл ішіндегі бос жатқан жерде қазір қызу құрылыс жүріп жатыр. Мұнда түрлі жеміс ағаштары егіліп, гүлзарлармен көмкеріледі. Жалпы тәуелсіздіктің 30 жылдығы ішінде ауыл танымастай өзгеріп, тұрғындардың тұрмысы жақсарған.

Георгий Прокоп, «Шахтер» ЖШС директоры:
Халықтың әл-ауқатының артқанына біздің ауылдың даму жолын мысал етуге болады. Бастапқыда тұрғындар көшіп, мамандар тапшы болып, ескі техникамен жұмысты бастадық. Кейін ауылшаруашылығына көңіл бөлініп, субсидия алып аяққа нық тұрдық. Енді еліміздің одан әрі дамуына ауыл тұрғындары жұмыла үлес қосудамыз.

Жұртқа жайлы болған құтты мекенде қазір 1000-нан астам тұрғын бар. Мұнда мектеп, балабақша, мәдениет үйі, амбулатория, спорт кешені, тіпті бассейн де жұмыс істеп тұр. Ауылда жұмыссыздық атымен жоқ. Керісінше жастар көптеп келіп жатыр.

Жұлдыз Юсупова, Шахтер ауылының тұрғыны:
Осы ауылға жас маман болып келгем. Тұрмысқа шықтым, үйлі болдық. Ауылымыз күннен-күнге көркеюде.

Ауыл тірлігін қыз-қыз қайнатып отырған жергілікті элиталық тұқым өсіретін шаруашылық. Бүгінде 36 мың гектар жерге дәнді-дақылдар, бұршақ, көпжылдық шөп егеді. Соңғы жылдары картоптың да жоғары сұрыпын салады.

Думан Шәктаев, бас агроном:
32 мың гектардан астам бидай, 1741 гектар арпа, 500 гектардан астам сұлы, 500 гектар картоп егеміз. Біздің Қарағанды облысы ғана емес, Ақмола, Алматы облыстарынан, Жезқазғаннан, Оңтүстіктен келіп тұқым алып жатады.

Шаруашылық биыл агроном, механизатор сынды 10-ға жуық маманды жұмысқа қабылдаған. Техникалары, суармалы агрегаттары, астық сақтау қоймалары түгел жаңаланған. Ауылда қазір орташа жалақы 200 мың теңгенің сыртында.

Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу