Мүгедек жандардың жәрдемақысы артып, тұрғын үй кезегі сақталады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мүгедек жандардың жәрдемақысы артып, тұрғын үй кезегі сақталады

26.05.2021

400 мыңдай қазақстандыққа қамқорлықпен қатар қаржылай қолдау көрсетіледі. Бүгін мәжіліс азаматтардың жекелеген санаттарына арналған заң жобасын мақұлдады. Құжаттағы өзгерістерді іске асыруға қаражат та дайын. Яғни, 55 млрд теңге қаралып отыр.

Жаңа заң жобасында ескі редакциядағы кем-кетік ескерілді. Назардан тыс қалған кей нормалар барынша қамтылған. Бұған дейін I топтағы мүгедектердің көбі күтушіге зәру еді. Өйткені, бабын жасайтын адамға жәрдемақы берілмейтін. Енді ай сайын 48 мың теңге бөлінеді. Мұнымен қоса мүгедектігі бар балаға күтім жасау мерзімі 18 жасқа дейін ұзартылады.

Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Облыс орталықтарында болған кезде сіздің министрліктердің қызметкерлері аудан мен ауыл тұрғындарының осы талаптардың орындалуын қалай бақылайды?

Жәрдемақы – мемлекеттің кепілдендірілген көмегі. Сондықтан арыз түспесе тексеріс те жүргізілмейді,-деді министр. Басты шарт күтуші сол елді мекеннің тұрғыны болуы тиіс.

Серік Шәпкенов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
Қазіргі уақытта I топтағы мүгедектігі бар 66 мың адамның әрбір үшіншісі күтім жәрдемақысымен де, жеке көмекшінің қызметтерімен де қамтамасыз етілмеген. Заң жобасын қабылдау нәтижесінде сыртқы қамқорлыққа мұқтаж 24 мың адам қосымша күтім бойынша жәрдемақымен қамтылады.

Ал, мүгедек балалардың жәрдемақы мөлшері өседі. 37 пайызға. Тек оларды санатқа бөлу көзделіп отыр. Яғни 7-ден 16 жасқа дейінгі жеткіншектер қай топқа жататынын қайта куәландыруы қажет. Бұл оңалту, әлеуметтік көмек және сырқатының дәрежесіне қарай ақы тағайындау үшін керек. Түзетуге қатысты мәжіліс төрағасы біршама сұрақ қойды. Ата-аналар балаларының мүгедектігін қайта дәлелдеуіне тура келе ме? Кабинет жағалап, кезек күте ме? Ал, қарбалас болмау үшін интеграциялық жүйені реттеу керек. Бұл екі сала министрлігінің жұмысы.

Серік Шәпкенов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
Ол жүйеге қарап отырған жоқпыз. Қазір 52 мың бала бар. Бізде мәліметі бар. Бірақ, дұрыс айтасыз интеграция бойынша артта қалып қойдық.

Енді мүмкіндігі шектеулі жан кәмелетке толса да тұрғын үй алу кезегі сақталады. Бұған дейін тек 10 жылға дейін күте алатын. Жаңа норма 20 мыңнан аса отбасының баспана кезегінің жылжуына ықпал етті.

Нысаналы Ығыл 


Хабарламаларға жазылу