Түркістан облысында қызанақтан вирус шығып, шаруалар шығынға батты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында қызанақтан вирус шығып, шаруалар шығынға батты

24.05.2021

Түркістан облысында қызанақтан қоңыр қатпарлы вирус шығып, шаруалар өнімін экспортқа шығара алмай жатыр. Ресейлік кеденшілер шекарадан өткізбей қойған. Жағдайлары тығырыққа тірелген диқандар көкөністі ішкі нарыққа сатқысы жоқ. Себебі, шығын ақталмайды дейді. Ал жергілікті мамандар мұндай ауру түрі алғаш рет анықтадық, сондықтан оның емі жоқ деп шарасыз отыр. 

Жылыжайда қысы бойы еңбек етіп, көктемде табысқа кенелеміз деген сарыағаштық диқандардың еңбегі еш кетті. Қызанақтары пісіп, экспортқа шығармақ болғандардың тауары түгел шетел аспай қалды. Шаруалар енді шығынның да орнын толтыра алмай отыр. Өйткені ішкі нарықты сырттан келетін өнім жаулап алған.

Шорахим Сайдазимов, шаруа: 
Қысымен 600 тонна көмір күйдірдім 1,5 га жылыжайда. Бұдан басқа 18 млн несие алдық сол өнімімізді алу үшін. Біздің өнім жылыжайдан шыққанша орнынан үзілмей тұрып өз бағасы 350 теңге болып тұр. Қазір бағаның өзін Ресейге шығармағаннан кейін 300 теңге ге түсіп кетіп жатыр. 

Ашынған ауыл тұрғындары жиналып, үкімет пен ауыл шаруашылығы министрлігінен көмек сұрады. Жылыжайдан шыққан аурудың емін таппаса, көкөністеріміз аптаға жетпей қурап қалатын болды деп алаңдаулы.

Салаға жауапты мамандар вирустың көрші өзбек елінен келуі мүмкін деп топшылайды. Өйткені бұрын соңды тіркелмеген ауру былтыр Өзбекстанда анықталған. Дегенмен вирусты анықтау қолымыздан келмейді өйткені ондай зертхана тек Алматыда бар дейді мамандар.

Нұрболат Асанбай, аумақтық ауыл шаруашылығы инспекциясының инспекторы: 
Енді анықталып жатқан ауру. Емі Қазақстанда жоқ. Сондықтан оны тек қана жою көзделген. Қазір аудан бойынша Құркелес ауылында екі жылыжайдан анықталды. Олар бойынша жою жұмыстарына нұсқамалар берілді.

Ал, Ауылшаруашылығы министрлігі бұл мәселені енді зерттеуді бастады. Мән-жайды анықтаған соң, шаруаларға қалайда көмек беріледі деп сендірді.

 Амангелді Сейітхан, Айнұр Ақбаева

Хабарламаларға жазылу