Мектептегі педагог психологтардың проблемасы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мектептегі педагог психологтардың проблемасы

23.05.2021

Татарстан астанасы Қазан қаласындағы мектепте болған трагедияға орай күн тәртібіне қайта шығатын мәселе – балалардың психикасы, ішкі дүниесінің қалыптасуы. Бұл қанжардың жүзіндей қылпылдап тұрған мәселе. Ал енді онымен кім айналысады? Мектеп психологы? Мыңдаған оқушыға бір маман жете ме? Ал ата-ананың өзі ше?

Біздің ойымызша, бұл бірінші кезекте ата-анаға қойылатын сұрақ. Әрине, ешкім баласының бақытсыз болғанын қаламайды. Қаламайды дейміз-ау, елестеткісі де келмейді. Бірақ қалау бар да, әрекет бар. Тамағы тоқ, көйлегі көк болуы – маңызды. Бірақ өмірден өз орнын табуына бұл жеткіліксіз. Қазіргідей жан-жағымыз ақпаратқа толы, зұлым, адастырар ақпаратқа толы уақытта баланың сырласатын досы болу, дос болғанда ақыл айтып отыратын дос емес, әрбір пайымыңды ісіңмен көрсететін дос болу – өте маңызды.

Иә, жұмыс деп жүгіріп жүреміз. Бірақ бала тәрбиесі – парыз. Және бала алдындағы жауапкершілік бірінші кезекте өзімізде. Бетін әрі қылсын, бірнәрсе болса, онымен тек өзің өмір сүресің. Егер ол өмірге ұқсаса...

Дегенмен мектеп те екінші үй, мектептегі педагог психологтардың проблемасы туралы Данияр Қайыртай баяндайды.

Үшінші тоқсанда Шымкенттегі №38 гимназияның психологы бесінші сынып оқушыларына Зунга шкаласы бойынша депрессияны анықтайтын онлайн-тест орындауды тапсырады. Ол кезде балалар қашықтан оқып жатқандықтан, Ақмарал Омралинованың ұлы сауалдарға жауап беру үшін анасынан көмек сұрайды.

Ақмарал Омралинова, Шымкент қаласының тұрғыны:
Ұлым «Мен өлсем басқа адамдарға жақсы болады деп ойлаймын»; және «Тартымды әйелдерге не еркектерге қараған, сөйлескен, олардың жанында болған маған ұнайды» деген екі сұрақты түсінбей, менен көмек сұрады. Мен де бұған таңғалып, бірден сынып жетекшісі мен оқу ісі меңгерушісіне хабарластым. Біраздан соң оқушыларға бұл тестке жауап бермеңдер деді. Кейін мән-жайды анықтайын деп қайта хабарласқанда, ол тест менің баламның сыныбына емес, жоғары сыныпқа арналғанын айтып, ақталғандай болды. Сонда жоғары сыныпқа мұндай сауалдар қоюға бола ма?!

Сөйтсек мектеп психологтары үшін министрлік тарапынан мақұлданған бірыңғай әдістемелік құрал жоқ екен. Оқушыларға ғаламтордан алынған күмәнді сауалнамалардың қойылып жататыны сондықтан.

Балабек Сақтағанов, Ы.Алтынсарин ат. ҰБА психология, тәрбие және тұлғаны дамыту орталығының директоры:
Әр жыл сайын педагог-психологтардың қызметінің жылдық жұмыс жоспары жасалынады. Ол жергілікті әкімнің қаулысымен бекітіліп, сол бағдарлама негізінде педагог-психологтар жұмыс атқарады.

Педагог-психологтың жұмыс жоспарын әкім бекітетінін естіп біз таңғалдық. Мамандардың өздері де күрсінеді. Әкімнің оқу ісінің меңгерушісі сияқты жоспар бекітетіні бер жағы. Психологтар одағының басшысы Гүлзат Асанованың айтуынша, жұмыстың бір жүйеге келтірілмегеніне шағымданатын мектеп психологтары көп. Негізі білікті ғалымдар әзірлеген оқу-әдістемелік құрал бар дейді. Бірақ оны Алматы облысындағы 5 мектепте ғана пайдаланатын көрінеді.

Гүлзат Асанова, Қазақстан психологтар одағының төрайымы:
Қарағанды ұлттық университетінің профессарлары жазған, аударылған, бейімделген құрал бар. 2014 жылдан бастап. Бірақ ол құрал әлі барлық Қазақстан бойынша бірде-бір мектептке жалпылай алынған емес. Әр облыс, әр район өз ойына не келеді, соны жасап отыр қазір.

Ал енді жергілікті билік бекіткен сол бағдарламамен жұмыс істейін десе, мектеп басшылығы сағат бөлмейтін көрінеді. Оның үстіне педагог-психологтардың кабинеттері де жоқ.

Гүлзат Асанова, Қазақстан психологтар одағының төрайымы:
Білім министрлігінің бұйрығы бойынша бұларда 18 сағат психопрофилактикалық жұмыс жүргізілуі керек, 22 сағат жеке немесе группалық жұмыс жасалуы керек. Сонда мектеп психологтары сұрақ қояды: қалай? Қай жерде жүріп жасаймыз? Арнайы сағаттары жоқ берілген.
 Данияр Қайыртай, тілші:
Қазір мемлекеттік және жеке меншік мектептерде 3 жарым млн-ға жуық бала оқиды. Ал педагог-психологтардың жалпы саны 7,7 мыңнан сәл асады. Сонда орта есеппен бір психолог 450 оқушыға жауап береді деген сөз. Бұл орта есеп екенін тағы қайталай кетейік. Себебі мұнда 300 оқушысы бар мектеп те, 3 мың оқушысы бар мектеп те есептеліп отыр.

Мысалы, елордадағы көптеген мектептердегідей, №76 лицейдегі 3 мыңға жуық оқушыға да 2-ақ психолог жауап береді. Әрқайсысы, шамамен мың жарым баламен жұмыс істеуі керек деген сөз. Ал Білім және ғылым министрлігінің қазіргі талабы бойынша әрқайсысы 25 оқушыдан тұратын 30 сыныпқа, яғни 750 оқушыға шаққанда 2 педагог-психологтан болуы керек.

Гүлнұр Қайроллақызы, Ә.Бөкейхан атындағы №76 мектептің педагог-психологы:
Оқушымен ғана емес, ата-анамен де, сынып жетекшісі мен мұғалімдермен де жұмыс жасау үшін 300-500 оқушы болса жақсы болар еді және де оқушыларды жас ерекшеліктері бойынша буындарға бөліп, психологтарды бөлуге болушы еді. Мысалы, бастауыш буынның психологы, орта буындыкі бөлек, содан кейін 9-11 сыныптарға бөлек психолог болса...

Психологтарды оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай бөлуді министрлік те қарастырып жатыр.

Гүлнаш Қошқарова, ҚР БҒМ балалардың құқықтарын қорғау комитетінің басқарма басшысы:
Нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес бізде 30 сыныпқа 2 психологтан келіп тұр. Бірақ ол актілер жетілдірілуде. Қазір қарастырып отырмыз 300-500 балаға бір психологтан.

Мамандар мектептегі психологиялық қызметті бірді-екілі психологтың мойнына артып қоюға да болмайтынын айтады.

Гүлнұр Қайроллақызы, Ә.Бөкейхан атындағы №76 мектептің педагог-психологы:
Өйткені мен физикалық тұрғыдан да барлық балаларды бақылай алмаймын. Ал пән мұғалімдері, сынып жетекшілері олармен күнделікті жұмыс жасайды. Мысалы кітапханада кітапханашы оның қандай кітап алып жатқанын байқап қалса, мүмкін ол басқа бір жат бір кітаптарды, ол сол кезде бірден мұғалімге айтса... Жүйе болса сонда, көрдіңіз бе? Кітапханашыдан мұғалімге, мұғалімнен психологқа деген сияқты...
Данагүл Смақова, «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығының жетекші сарапшысы:
Сынып жетекшісі көмектеспесе, психологтың жалғыз өзінің әлі келмейді. Мен сынып жетекшісі ретінде менің құқығым болатын, жаңағы теріс қылық көрсеткен баланы психологқа алып барып, онымен социометриялық жұмыс істейтінбіз. Өз бетімізше. Қазір болса ата-аналар шағымданып, желіге шығарып, педагогты қажытып, содан педагог мезіп болып, «сен тимесең, мен тимен» деген жағдайға жетіп отырмыз.
Лаура Мүсілімова, №7 мектептің педагог-психологы:
Тәртіпсіздік, тұйық бала немесе сынып жетекшісі өзі алып келген кезде, мен айтам ата-анасының рұқсатынсыз біз баладан ешқандай сауалнама, ешқандай тренинг жоспар, ешқандай консультация жұмыстарын жүргізе алмаймыз. Себебі біздің оған заңдық құқығымыз жоқ. Ол бала 18-ге толғанша ата-ананың қарауында.

Қорыта келе бәрінің айтқаны: баланың психикасының саулығына ең бірінші ата-ана жауапты. Бұл міндетті тек мектепке, мектеп психологына ысырып қоюға әсте болмайды.

Гүлнар Омарова, ата-аналар қауымдастығының төрайымы:
Барлығын психологтарға жүктеп қоймау қажет. Әрбір ата-ананың парызы. Психолог келді-кетті, оған жауапкершілік арту біздің құқығымызда да емес.

Данияр Қайыртай


Хабарламаларға жазылу