Сенат алдағы екі жылға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасын мақұлдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сенат алдағы екі жылға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасын мақұлдады

20.05.2021

Құжаттың шығысы 15 трлн 300 млрд теңгеге жетті. Депутаттар қосымша қаралған қаражатың құмға сіңген судай болмай, нақты бағыттар бойынша оң нәтиже көрсетуін талап етті. Өйткені, ел экономикасы пандемия мен іскерлік қатынастың төмендеуіне қарамастан 2,8-ден 3,1 пайызға дейін өскен.

Қазына қазаны қашанғы ұлттық қордан толады? Бюджет тапшылығын сынға алған депутаттар осылай деп үкіметке шүйлікті. Былтыр тапшылық 3,1 пайыз болса, биыл 3 жарым пайызға ұлғайған. Амал жоқ, қордың кепілді 1 трлн трансфертіне тағы 850 млрд теңге қосымша бөлінді. Бұл жоғары білімді кадрлармен қамту, ішкі істер органдары мен медицина қызметкерлерінің жалақыларын өсіру және студенттер шәкіртақысы үшін жұмсалады.

Ольга Перепечина, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Біз Ұлттық қорға сене бермей, бюджет шығындарын қандай кірістердің есебінен қамтылатынын білуіміз керек. 2022 жылы қордан тағы 550 млрд теңге мақсатты трансферт қарастырылып отыр. Демек, келесі жылы да салық түсімдерін жеткілікті деңгейге жеткізу жоспарланбаған.

Мәулен Әшімбаев ендігі бюджетті нақтыларда ұтымды ұсыныс күтетінін айтты. Ал, әзірге ұлттық қордан ғана дәмеліміз. Судың да сұрауы бар. Жұртты жұмыспен қамтуға 1 трлн теңге бөлінген. Үкімет қосымша 325 млрд теңге сұрап отыр. Бірақ, елде 450 мың адам екі қолға бір күрек таппай сандалып жүр.

Серік Шәпкенов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
Пандемияның пик кезінде 536 мың адам жұмыссыз. Қазір ол 136 мыңға төмендеді. 1 млн 200 мың адамды «еңбек», «жұмыспен қамту жол картасы» аясында іске асыру жоспарымыз бар.

Агро секторда алаңдаталық. Қыруар қаржы құйылғанмен қайтарымы аз. Осы ретте тек өсімдік шаруашылығына тағы 66,3 млрд теңге бөлінбек. Неліктен?

Сапархан Омаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
Минералды 1,4, тұқымды 1,3 есе ұлғайту жоспарланған. Өсімдік дамыса мал шаруашылығының дамуына әсерін береді. Бұдан басқа, кредит пен лизингке 28 млрд қаралған.

Логистика – экономиканың күре тамыры. Десе де, күрмеулі мәселесі көп. Қазақ-Ресей шекарасындағы жолдың тозығы жеткен. Жүк көліктері кептелісте тұрады. 27 өткізу пунктінің өңі кеткен. Бұған да қазынадан қаржы сұралды.

Ерұлан Жамаубаев, ҚР Қаржы министрі:
Ең ұзақ шекара ол жер. 30 өткізу пункті бар. Оның 27-сі жаңғырту көзделген. ЖСҚ дайындау керек. 42 млн тг қаржы бөлдік.

1922 ауыл сапалы ауыз суға зәру. Жалпы, шалғайда проблема шаш етектен. Күйі кеткен елді-мекендерді көркейтуге 106 млрд теңге бөлінді. Соған мыңдаған жұмыс орнын ашып, 1 мың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым жаңғыртылмақ. Алмақтың салмағы бар. Сенат Үкіметке әр тиынның бақай есеппен бақыланатынын қатаң ескертті.

Нысаналы Ығыл 


Хабарламаларға жазылу