Қашықтан жұмыс істеу туралы заң жобасы мақұлданды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қашықтан жұмыс істеу туралы заң жобасы мақұлданды

19.05.2021

Еңбек кодексіне елеулі өзгеріс енді. Мәжіліс пен Сенат бірлесіп қашықтан жұмыс істеу бойынша заң жобасын әзірлеп шықты. Төменгі палата құжатты мақұлдағанымен, еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігіне кейбір тұстарын құқықтық актпен бекіту керектігі жүктелді.

Ақпараттық технология дәуірлеген сайын қатқан қазықтай кеңседе отыру азайды. Әсіресе, бұл үрдіс пандемия кезінде кең ауқым алды. Елде қызметкерлердің 70 пайызы қашықтан жұмыс істеуге көшті. Бірақ, әзірлік әлсіз еді. Заңда ескерілмеген жәйттер жиі кездесті. Соның ең өзектісі – коммуникация құралдарымен қамту.

Жанат Омарбекова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Төтенше жағдайды енгізу, төтенше жағдайды жариялау және шектеу іс-шараларын, оның ішінде карантинді енгізу кезеңінде уақытша қашықтан жұмыс істеу кезінде жұмыскерлерді коммуникация құралдарымен қамтамасыз ету және шығыстарды өтеу қажеттілігі жұмыс берушінің актісінде айқындалады.

Ал, егер қызметкер өз құралын пайдаланса онда жұмыс берушіден өтемақы алады. Оның мөлшері, төлеу мерзімі екеуара келісіммен бекітіледі. Сондай-ақ демалыс немесе мереке күндері қашықтан жұмыс істесе, қосымша ақы төленеді. Бұл еңбек келісім шартында ескерілуі керек. Бұған қоса мемлекеттік, әскери және құқық қорғау органдары қызметкерлерімен құпия ақпаратты сақтау туралы шарт жасалады. Қашықтағы мамандардың хабарлама жіберуіне қатысты да талап бар.

Ақмәди Сарбасов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бірінші орынбасары:
Еңбек кодексіне сәйкес хабарлама жазбаша түрде саналады. Хабарламаға ЭЦП арқылы қол қою қарастырылған. Ал, СМС пен ватсап арқылы жазылған текст хабарлама боп табылмайды.

Қашықтан жұмыс істеу бойынша пысықтайтын мәселе көп. Мысалы, жұмыс орнынан сырт жүріп өндірістік жарақат алса өтемақы беріле ме? Жалпы, мұндай жағдайда қызметкер қалаған жеріне барып жұмыс істей ала ма? Мұның бәрі еңбек кодексінде құқықтық актпен нақтылануы қажет. Ал, заң жобасын әзірлеген депутаттар қашықтан жұмыс істей алмайды. Өйткені, дауыс беру тетігі тек Парламент партасында ғана бар.

Нысаналы Ығыл 


Хабарламаларға жазылу