ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті карантин кезінде соңғы қоңырау мен аттестаттарды тапсыру салтанатын өткізу талаптарын жариялады. Шара тек санитарлы-эпидемиологиялық талаптардың қатаң сақталған жағдайында ғана рұқсат етілген.
9, 11 (12) сынып түлектерінің мектеппен қоштасу салтанаттары тек ашық алаңда (таза ауада) өткізіледі. Басқа ешқандай шаралардың өтуіне рұқсат берілмейді.
Шараға мектеп түлектерінен басқа олардың ата-аналарының немесе қамқоршыларының бір өкілі, сондай-ақ, мектеп оқытушылары құрамынан артық дегенде 6 адам қатыса алады. Мектеп аумағындағы шара тек бір сынып түлектері үшін өткізіледі. Шараның ұзақтығы 45 минуттан аспауы тиіс. Әр сынып үшін өткізілетін салтанатты шаралардың аралығы 30 минуттан кем болмауы керек.
Соңғы қоңырау, аттестаттарды тапсыру кезінде қол алысуға тыйым салынады. Шараға қатысушылар бетпердені киіп, 2 метрлік әлеуметтік қашықтықты сақтауға міндетті.
Соңғы қоңырау, аттестаттарды тапсыру салтанаты аяқталған соң көшеде, қоғамдық тамақтану орындарында (мейрамхана, дәмхана және т.б.) бұқаралық шараларды өткізуге тыйым салынады.
Бұдан бөлек, соңғы қоңырау, аттестаттарды тапсыру салтанаты аяқталған соң дезинфекциялық құралдарды қолдана отырып, мектеп ғимараттарында ылғалды тазалау шараларын жүргізу қажет.