Мемлекет басшысы Швейцария президентімен келіссөз өткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы Швейцария президентімен келіссөз өткізді

18.05.2021

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев видео конференция арқылы Швейцария Президенті Ги Пармеланмен келіссөз өткізді. Екі ел басшылары саяси, сауда-экономикалық салалардағы ынтымақтастықтың қазіргі ахуалы мен келешегін талқылады. Мемлекет басшысы Швейцарияны Қазақстанның Еуропадағы негізгі саяси, сауда және экономикалық серіктестерінің бірі ретінде атап өтті. Бүгінде бұл ел капиталының қатысуымен 40-тан астам кәсіпорын мен компания табысты жұмыс істеп жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті: 
Екі ел арасындағы өзара тиімді және табысты ынтымақтастықты жалғастыруға қажетті мүмкіндіктің бәрі бар деп ойлаймын. Өзара ықпалдастығымыздың барлық саласына тың серпін беру біздің міндетіміз.

Келіссөз барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пандемияның салдарын еңсеруге бағытталған шаралар және халыққа жаппай тегін екпе салу жұмыстары жайында айтты. Швейцариялық компанияларға көрсеткен көмегі мен індетке қарсы күресте қолдағаны үшін ризашылығын білдірді. Өз кезегінде Ги Пармелан екі ел арасындағы байланыстардың дамуына көңілі толатынын жеткізді.

Ги Пармелан, Швейцария Президенті:
Біз қызығушылық танытқан салалар бойынша ынтымақтастық дұрыс жолға қойылғанын атап өткім келеді. Алдағы уақытта бұл ықпалдастықты одан әрі нығайтып және кеңейте түсетінімізге сенімдімін. Біз де халықты вакцинациялау жұмыстарын сәтті жүргіздік. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады.

Дарын Сағитов

Хабарламаларға жазылу