Шығыс Қазақстанда Алакөл жағалауындағы демалыс үйлерінің иелері шығынға батуымыз мүмкін деп дабыл қағып жатыр. Өйткені шипалы көлдің басына келетін туристерден былтырдан бері ПТР тест нәтижелері талап етілуде. Егер бұл ереже өзгермесе,биыл демалушылардың саны күрт азаймақ. Бір қызығы, мұндай талап еліміздегі ешбір демалыс орындарында жоқ көрінеді. Оның үстіне таяуда Үржардағы әуежай жөндеуге жабылған. Ал көлге апаратын тас жолдың әлі күнге тас-талқаны шығып жатыр. Осының бәрі туристердің келуіне бөгет болып тұр дейді кәсіпкерлер.
Гүлжан Юсбекова, кәсіпкер:
Бір облыста тұрып, бір елде тұрып екі түрлі талап қойылғандығына келушілеріміз де наразы. Мысалы өткен жылы елімізде Қапшағай, Шоңжы, Алакөлдің Алматы облысы жағы мен біздің облыстағы барлық демалыс орындарында ПТР сұраған жоқ. Тек біздің Алакөлге келушілерден талап етілді. Бұл демалатындарға көп бөгет болып тұр.
Бағлан Тауанова, Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау департаментінің баспасөз хатшысы:
Шығыс Қазақстан облысы аумағындағы демалыс базаларының жазғы маусымдағы жұмысы бойынша, арнайы қаулы жобасы дайындалуда. Қаулы жобасында ПТР тестілеудің теріс нәтижесі туралы анықтаманың қажетілігі туралы мәселе әлі қарастырылуда.
Ержан Жақып