Қызылорда қаласына қарасты Қарауылтөбе ауылындағы тұрғын үйде газ жарылып, 2 адам зардап шекті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда қаласына қарасты Қарауылтөбе ауылындағы тұрғын үйде газ жарылып, 2 адам зардап шекті

25.02.2019

Елді мекен облыс орталығының дәл іргесінде тұрса да, әлі күнге дейін көгілдір отынның игілігін көре алмай келеді. Тұрғындар сондықтан ас-су дайындау үшін газ баллондарын пайдаланады.

Жеке тұрғын үйдің екі қабырғасы құлаған. Қатты дауысты естіген көршілері бірден көмекке жүгіріп келген. Бірақ іштегі екі адамды сыртқа барлығы жабылып жүріп, әрең шығарыпты.

Сәбит Қалекеев, ауыл тұрғыны:

- Асханасының екі қабырғасы құлаған. Төбесі ортаға түскен. Өрт болған жоқ.

Зардап шеккендердің біреуі - үй иесі. Ал, екіншісі - көршісі. Жедел жәрдем көлігімен екеуі де қалалық ауруханаға жеткізілді.

Бауыржан Төлеген, қалалық аурухананың бас дәрігері:

- Бір науқас 80 пайыз дене күйігімен шұғыл түрде реанимация бөліміне жатқызылды, қазір ем алып жатыр. Екінші науқас отаға дайындалуда.

Жарылыстың себебін қазір мамандар анықтап жатыр. Оқыс оқиға кезінде үйден 5 литрлік газ баллоны табылды.

Ербол Әлішеров, қалалық ТЖБ бастығы:

- Ереже-талаптар сақталмауы салдарынан болып отыр деп есептейміз.

Үш жыл бұрын дәл осындай жағдай қала іргесіндегі Белкөл кентінде болған. Содан кейін баллондарға газды құйып сатуға тыйым салынған еді. Бірақ мамандардың айтуынша, ол заңсыз әрекетке түбегейлі тосқауыл қою мүмкін болмай тұр. Ал, Қарауылтөбе жұртшылығының табиғи газ желісіне қашан қосылары белгісіз.

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу