Түркияда ең ұзақ коменданттық сағат аяқталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркияда ең ұзақ коменданттық сағат аяқталды

18.05.2021

Ал Түркияда 18 күнге созылған қатаң локдаун аяқталды. Екі апталық коменданттық сағат пен жаппай вакциналау жемісін берді. Ел Президенті вирустың таралуы бақылауға алынғанын жариялады. Жаз да келіп қалды, демек Түркияға демалуға барғысы келетіндер Анадолы еліндегі жағдайға алаңдап отырғаны белгілі. 

Айдос Әшімұлы, тілші:
Түркияда бұдан былай қатаң локдаун немесе коменданттық сағат болмайды. Осы апта Түркияда пандемия басталғалы жарияланған ең ұзақ, яғни 18 күнге созылған коменданттық сағаттан бірте-бірте шығу кезеңі басталды. Ел Президенті Режеп Тайып Ердоған 1 маусымнан бастап Түркия пандемияға дейінгі қалыпты тіршілікке көшетінін айтты. Ал жаздың басына дейін карантиндік шектеулердің бірқатары сақталады. Атап айтқанда, күн сайын кешкі 21.00 мен таңғы 5.00 аралығында, ал сенбі-жексенбі күндері мүлде көшеге шығуға болмайды. Барлық сауда орталықтары мен дүкендер, шаштараздар мен сұлулық салондары таңертең 10.00 мен кешкі 20.00 арасында ашық болады. Ал қоғамдық тамақтану орындары ашылғанымен, тек тапсырыспен алып кету үшін ғана жұмыс істейді. Ел президенті жазда қалыпты өмірге қайту үшін халықтан осы талаптарды қатаң сақтауды сұрады.

Режеп Тайып Ердоған, Түркия Президенті:
Түркия уақытылы алынған сақтық шаралары мен халқымыздың бірлігі арқасында пандемиядан жеңіл құтылды. Карантин созылған сайын сіздердің де сабырларыңыз азайып, шыдамдарыңыз таусылғанын білеміз. Дегенмен ең ауыр күндер артта қалды. Бұдан кейін бұрынғыдай қатаң шараларға жүгінбей, сақтық пен тазалықты сақтай отырып, кезең-кезеңмен қалыпты күндерге де жетеміз. Барлық медицина қызметкерлері мен осы күресте қызмет еткен азаматтарға халықтың атынан алғыс білдіремін. 

Айдос Әшімұлы, тілші:
Түркияда туристік маусым басталғанымен елге келіп жатқан демалушылар саны өте аз. Жыл сайын ең көп турист жіберетін Ресей және бірнеше Еуропа елімен шекара жабық. Осы мәселені шешу үшін кеше Туризм және мәдениет министрі Ресейге кетті. Жалпы қазір Түркияға келіп демалам деуші туристерге ешқандай кедергі жоқ. Қонақ үйлер мен туристік орындардың барлығы ашық. Жақында Денсаулық сақтау министрлігі туризм саласында қызмет көрсететін барлық азаматтарға вакцина салуды бастайтынын жариялады. Бүгінге дейін елде барлығы 26 млннан аса адамға вакцинаның бірінші компоненті салынған. Ал екпенің екінші дозасын алғандардың саны 11 млн адам. Кеше бір тәулікте вирус анықталғандар саны болса 10 мың. Бұл қатаң локдаун жарияланғанға дейінгі көрсеткіштен 6 есе аз. 

Хабарламаларға жазылу