ШҚО-да былтыр баспаналы болған отбасылар өз үйіне кіре алмай жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО-да былтыр баспаналы болған отбасылар өз үйіне кіре алмай жүр

17.05.2021

Шығыс Қазақстандағы Ақжар ауылында былтыр қолданысқа берілген үйлерге халық әлі қоныстана алмай отыр. Өйткені мемлекеттік бағдарлама арқылы салынған баспаналар сапасыз болып шыққан. Ал жергілікті әкімшілік мердігерлерден үйді қол қойып, әлдеқашан қабылдап алған.

Ержан Жақып, тілші:
Мемлекеттік бағдарлама арқылы салынған мынандай әрбір үйдің құрылысына 25 миллион теңгеден жұмсалған. Бірақ өте сапасыз. Қабырғалары қопсып, іргетасы қазірдің өзінде осылай үгіле бастаған.

Бұл үйлерді ауылдағы мүмкіндігі шектеулі адамдар, мұқтаж әрі көпбалалы отбасыларға өткен жылы Тәуелсіздік мерекесінде салтанатты түрде аудан әкімі тапсырған. Алайда, баспана алғандардың қуанышы көпке созылмады.

Арай Құманова, Ақжар ауылының тұрғыны:
Енді қазір кіргенде, ешқандай жағдай жоқ. Бітпеген. Су кіргізе алмай отырмыз. 

Тұрғындар былтырдан бері қоныстанбаса да, жалдамалы үйлердің пәтер ақысын төлеп келеді. Жергілікті әкімшілік мәселені шешіп береміз дегелі жарты жылға жуық уақыт өткен.

Жауап беруге әрең келіскен әкімшілік өкілдері кемшіліктің бәрін жоямыз деп отыр.

Жарқын Түндікбаев, Тарбағатай аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы:
Қыс кезінде аяқталған жұмыстар бойынша кемшіліктер болмаған. Қазіргі уақытта шығып жатыр. Кемшіліктерді жоямыз.

Ақжар ауылында былтыр екі пәтерлі осындай 26 үй тапсырылған. Қазір түгелі дерлік қаңырап бос тұр. Аудандық әкімшілік басшыларының айтуынша, мердігерлердің кепілдік мерзімі әлі аяқталмаған. Сондықтан, жақын арада су тартып, кеткен ақауларды жедел түрде реттейміз деп уәдені үйіп-төгіп отыр.

Ержан Жақып

Хабарламаларға жазылу