Ақтөбеде үй өртеніп, бір отбасы 6 баласымен далада қалды

22.02.2019

Оқиға кеше түстен кейін болған. Қызыл жалын балалар бөлмесінен басталып, лезде төбені шарпыған. Абырой болғанда, өрт кезінде үйде қалған 3 бала дін аман. Алайда, баспана тұруға жарамсыз болып қалды.

Жақсыбек Кемал, тілші:

- Өрт дәл осы жерден басталған. Ол сәтте келесі бөлмеде балалар алаңсыз теледидар қарап отыра берген. Абырой болғанда, үй иесінің туысы дер кезінде келіп қалып, оларды қауіпсіз жерге шығарып үлгерген.

Айнұр кешегі оқиғадан кейін әлі есін жия алмай жүр. «Айдың-күннің аманында балаларымнан айырылып қала жаздадым»,- дейді. Өрт болар күні ол кішкентайын ауруханаға апару үшін шығып кеткен екен. Ал, отағасы жұмыста болған.

Айнұр Байтөбетова, қала тұрғыны:

- Қайным соғып кетейінші деп, үйге келген. Келіп, шығарып үлгерген. Көк түтіннің ортасында отыр дейді. Далада қалдық. Үйіміз жоқ. Киімдер, міне, бәрі жанып кетті. Үстеріндегі тек апамыздан сұрап алып, кигізіп отырмын. Оқу құралдары – бәрі жанып кетті. Сабаққа барған жоқ. Қыстың қырауында баспанасыз қалдық.

Мамандар «өрттің себебі қауіпсіздік шараларының сақталмауынан»,-дейді. Оқыс оқиға, әсіресе, балаларға ауыр тиген. Олардың киімдерімен қоса, кітап-дәптерлері түгел жанып кеткен.

Әсемай Болат, оқушы:

- Кітаптарым, папкаларым – бәрі жанып кетті. Киімдерім жаңа еді, сабаққа киетін киімдерім – бәрі жанып кетті. Мен кітап, киім сұраймын.

Байтөбетовтердің өздерінде баспана жоқ. Өртенген үй туыстарының атында екен. Балаларының ең үлкені 12 жаста болса, кішісі 3 айлық қана. Базарда жұмыс істейтін отағасының табысы - мардымсыз. Қала әкімдігіндегілер бұл отбасының жағдайынан хабардар. Олар уақытша тұруға баспана қарастырылып жатқанын жеткізді. Одан бөлек бір реттік көмек беру жағы да шешілмек.

Бекболат Нұрашев, қалалық Төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы

- Қолданыстағы заңдарға сәйкес, бюджет тарапынан көмек бұған өтеп беру немесе үй салып беру қарастырылмаған. Дегенмен, қазір қала әкімдігі тарапынан біз осы сұрақты жан-жақтан қарастырып жатырмыз. Уақытша тұратын пәтер тауып беру мәселесін.

Өрттен зардап шеккен отбасының балалары баратын мектеп басшылығы да қол ұшын созуға дайын. Олар оқу құралдары мен киім-кешек алып беруге уәде еткен. Дегенмен, қыстың көзі қырауда далада қалған отбасы ең болмаса, бүлінген үйді қалпына келтіруге көмек болса деп тілейді.

Жақсыбек КЕМАЛ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу