Түркістан облысы: Егіс алқаптарын улы химикаттармен дәрілеу тоқтамай келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысы: Егіс алқаптарын улы химикаттармен дәрілеу тоқтамай келеді

14.05.2021

Түркістан облысындағы мақталықтар мен бау-бақшаны улы химикаттармен емес, биотәсілмен дәрілеу қажет. Себебі жыл өткен сайын улы дәрілерді шамадан тыс пайдалану адам өміріне аса қауіпті дейді өңірдің ауылшаруашылығы мамандары мен ғалымдары. Оның үстіне химикаттармен өсірілген көкөністер мен жеміс-жидектер шекаралардағы зертханалардан өтпей, кері қайтарылуы көбейген.

Қазір өңірдегі кез келген базар мен сауда орындарында улы химикаттардың түр-түрі сатылуда. Былтырдан бастап жәндіктерді өлтіретін бірқатар препараттарға шектеу қойылғанына қарамастан сатушылар оларды саудалауды бір сәт те тоқтатқан емес. Егістік алқаптар мен жылыжайларда өсірілетін көкөністер мен бау бақша дақылдары осы сынды химикаттармен дәріленген соң, экспортқа шыққанда шекарадан өтпей қалады.

Жетісайлық сатушылардың бірі Елубай Жанұзақов көктем мезгілінде пестицидтер мен улы химикаттарға деген сұраныс екі есеге артатынын айтады. Сұраныс көп болған соң, дәрілерді алыс-жақын елдерден алдырып, пұлдаймыз дейді.

Елубай Жанұзақов, сатушы:       
Бішкектен алатын фирма бар, Алматыдан алатын фирма бар. Астанада да фирма бар, лицензиялары бар олардың. Бізге соның көшірмесін береді. Алушы көп, сұраныс көп. 

Зиянды химикаттардан бас тартудың бірден бір жолы - био жәндіктер шығаратын зертханаларды көбейту дейді ,- ауыл шаруашылығы саласының ардегері Елемес Сабыров.

Елемес қажы Сабыров:
 Өзбекстанның барлық өнімі мақта. Мақтаны тек биометодпен, биотәсілмен қорғап қалады. Ол пайдалы көбелектер дейді. Соны мақтаға жіберсе, мақтаның құрттарын бәрін шағып өлтіреді. Улы химикат пайдаланса, пайдалы көбелектер бірден өліп қалады. Сөйтіп эффектісі аз болып жатыр.

Ал, еліміздегі Қазақ өсімдік қорғау ғылыми зерттеу институтының ғалымы Берік Төрехановтың айтуынша, еуропа мен дамыған елдердің барлығы да бұл химиялыұ заттардан әлдеқашан бас тартқан. Алайда елдегі шаруалар бұл дәрілерді амалсыз әлі қолданып келеді. Себебі, біздегі қауын шыбыны мен қызанақ күйе көбелегі немесе аққанат секілді зиянкестерді биотәсілмен құрту жолы әлі табылмай отыр.

Берік Төреханов, Қазақ өсімдік қорғау карантин ғылыми зерттеу институты жетісай аудандық филиалының басшысы:
Улы химикаттардың зияндығы сонша, тек қана біздің Қазақстанның ғалымдары емес, бүкіл дүниежүзі мойындап отыр қазіргі таңда. Бұл әртүрлі онкологиялық аурулар, жүрек қантамыр аурулары, соның ішінде түсік тастау, белсіздік, бедеуліктің барлығына тікелей әсер етеді. Оның құрамында түрлі ауыр химиялық элементтер бар. Ол адамның денсаулығына қатты әсер етеді.

Бүгінде Жетісай ауданында биотәсілмен өңдейтін төрт зертхана жұмыс істеп тұр. Алайда млндаған гектар алқаптардың бәрін зиянкестерден тазалауға жәндіктердің шамасы жетпейді. Оның үстіне химикаттардың өзі зертханадан шыққан жәндіктер үшін аса қауіпті.

Айнұр Ақбаева


Хабарламаларға жазылу