Ақмола облысында 522 елді мекен жайылымнан тарығып отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысында 522 елді мекен жайылымнан тарығып отыр

13.05.2021

Ақмола облысында мал жаятын жер тапшы. Өңірдегі 522 елдімекен жайылымнан тарығып отыр. Бұл - аймақтағы ауылдардың 90 пайызы. Әсіресе, малмен күн көріп отырған жұртқа ауыр тиіп тұр.

Зеренді ауданындағы Ақадыр ауылында тұратын 100-ге тарта отбасы түгел мал ұстайды. Күнкөріс көзі де - сол. Барлығы 1 мыңнан астам ірі қара, 6 мың қой бар. Тұрғындар мал санын көбейте түскісі келеді. Бірақ оған жайылым тапшы.

Жайлау Қарағыз, Ақадыр ауылының тұрғыны: 
Ауылдың іргесінде 0,5 шақырым жерде мынадай загон тартып, осындай 1500 гектар жерге бір адамдар пайда болып, осыны өзіне заңдастырып алған. Мал жайылымынан біз ауылдың айырылып жатырмыз.
Әдебиет Сағодоллаұлы, Ақадыр ауылының тұрғыны: 
Сондықтан біздің малымыз егін салып тастаса, ертең ауылдан шығармайды. 100 метр жерден бастап жыртты. Жан-жағымызды айналдырып жыртқанда, біздің енді осы малымыз қайда барады екен?! Егін салынатын болса, бізде ешқандай күнкөріс қалмайды.

Облыста Ақадыр сияқты ауылдар көп. Жақсы ауданындағы Алғабас тұрғындарын да жайылым жайы алаңдатады. Жазда малды өріске шығаратын жер аз,қысқа шөп дайындайтын шабындық жоқтың қасы.

Қабдірахман Шаяхметов, Алғабас ауылының тұрғыны: 
Бізге шабындық жер жоқ. Мына жерде акиматтың жері дейді, 2-3 шақырым. Сол жерді таласып, тармасып, кімде техникасы көп, сол алып қалады да шөпті, 1 тракторы барлар ала алмай қалады, шаба алмай қалады. Сол жері қиын. Енді соны алып беріп, жерімізді берсе, басқа не керек?! Мал өсіру керек.

Облыс бойынша барлығы, шамамен, 1 миллион 700 мың гектардай жайылым керек. Ал былтыр жүргізілген ғарыштық бақылау нәтижесі өңірде 2 миллион 700 мың гектар ауыл шаруашылық жерінің дұрыс пайдаланылмай жатқандығын көрсеткен. Енді тек осы алқаптарды қолданысқа берсе ғана мәселе шешілмек. Ол үшін жергілікті билік егін егіп отырған шаруашылықтармен меморандум жасап, ауыл маңындағы жайылымдарды кеңейтпек.

Мамандардың айтуынша, өңірдегі әр елді мекеннің жайылымы жеке-жеке қаралады.

Ермек Елберген

Хабарламаларға жазылу