Ойыл өзені құрып барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ойыл өзені құрып барады

13.05.2021

Атырау облысына қарасты Қызылқоға ауданындағы Ойыл өзені экологиялық апат алдында тұр. Су айдынының табаны кеуіп, әр жерден үзіліп қалды. Соңғы 3-4 жылда мүлдем тасымаған. Салдарынан тіршілік нәріне байланған малшылардың шаруашылығынан шырай кетіп, жағасындағы жұрттан береке қашты. Экспедицияға шыққан жергілікті табиғат жанашырлары бұл проблеманың қолдан жасалғанын айтып отыр.

Жандос Темірғали, тілші: 
Біз қазір Ойыл өзенінің қақ ортасында тұрмыз. Бұрын су деңгейі мына арнасынан асып жататын болған. Қазір тереңдігі тобықтан сәл асады. Кешіп өтуге болады емін-еркін. Мына ағып жатқан қар мен жаңбырдың суы. Бұдан келіп кетер пайда аз. Өйткені, жаз басталмай жатып бұл су құрдымға кетеді.

Малы үшін Ойыл жағасына қоныс аударған шаруаның көңілі алаң. Өйткені, тулап жататын өзен көз алдында құрдымға кетіп барады. Су келмегеннен кейін, шабындық та тозды. Мал азығын дайындау мұңға айналған. Бұл - ойылға шаруашылығы байланған Қызылқоға ауданындағы 300-ден астам қожалық пен 8 елдімекен халқына ортақ проблема.

Мұрат Қабдығалиев, шаруа: 
 Мына жерде 9 сай шүңейт бар. Жазда ол да бітіп кетеді. Жағдайымыз қиындау. Су жоқ. 

4 рет экспедицияға шығып, жағдаймен жіті танысқан табиғат жанашырлары Ойыл суының сарқылуына адами фактор әсер еткен деп отыр. Өйткені, өзенге құятын тармақтардың бойынан 30-ға жуық бөгет пен 3 тоған анықталды. Бастауындағы бұлақтардың басым бөлігін шаруалар иемденіп, су жолын өздеріне қарай бұрып алған.

Есенбай Нұров, табиғат жанашыры: 
Ойыл өзенінің жоғарғы Мұғалжар, Темір, Қобда бойындағы иесіз заңсыз бөгеттердің кесірінен туындап отыр. Иесіз бөгеттерде тез арада бұзбайтын болса, бұл мәселе ушыға түсетініне анық көзіміз жетіп отыр.

Өзен соңғы рет 28 жыл бұрын арнасына сыймай тасып, Миялы ауылын шайып кетті. Ойылдағы судың азаюынан балықтар да жағаға шығып қалып жатыр.  Ал 2019 жылы көктемде оттегінің аздығынан 5 тоннадан астам балық қырылды. Сол жылдан бастап су деңгейі түсе бастаған. Биыл да тасымады. Мәселені шешуге бағытталған арнайы жоба жоқ. Жауаптылар қазір тек хат жазумен шектеліп отыр.

Ғалидолла Азидуллин,  республикалық «Жайық-Каспий» бассейндік инспекциясының басшысы: 
Заңсыз немесе иесіз бөгеттер анықталған жағдайда бұл бөгеттерді коммуналдық меншікке алу жөнінде шаралар қолданылуы керек еді. Бөгеттердің тізімдемесін жасадық. Жергілікті атқарушы органына Ақтөбе облысының ресми хат жолданды. Мәселе, министрліктің, тікелей су ресурстары комитеті төрағасының бақылауында.

Ойылдың тағдырына алаңдаған табиғат жанашырлары енді ресми органның өкілдерімен бірге тағы да экспедицияға шықпақ.

Жандос Темірғали

Хабарламаларға жазылу