Ұлыбритания: Күзде пандемия толық аяқталады деген болжам бар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлыбритания: Күзде пандемия толық аяқталады деген болжам бар

13.05.2021

Ұлыбританияда коронавирусқа қарсы екпенің екі компонентінің арасын 3 айға созудың нәтижесінде вакциналау қайта қарқын алды. Екпе осы қарқынмен жалғаса берсе күзге таман Үкімет пандемияны толық жеңеміз деп болжам жасап отыр. Лондондағы тілшіміз Марина Бекенова сабақтайды.

Тимоти Дэвис Пфайзер вакцинасының бірінші компонентін салдырды. Екіншісін 21 күннен соң ектіруі керек болатын, бірақ 84 күннен кейін алатын болды.

Тим Дэвис, зейнеткер:
Алғашқыда көңіл-күйім түсіп кеткені рас. Бірақ дәрігерлер бірінші дозадан кейін де екпе имунитетті нығайтады деп сендірді.

Ғалымдардың пікірінше, Ұлыбританияда ресми мақұлданған Pfizer, AstraZeneca және Moderna вакциналарының бірінші дозасынан кейін олардың тиімділігі 2-3 апта өткен соң 90 пайызға дейін артады екен. Сондықтан мүмкіндігінше көп адамды екпенің бірінші компонентімен қамтамасыз ету үшін билік осындай қадамға барып отыр.

Джулиан Танг, клиникалық вирусолог:
Ондаған жылдар бойы жиналған тәжірибелерге сүйенсек кез келген вакцинаның бірінші дозасынан кейін ағзаның иммундық реакциясы ешқайда жоғалып кетпейді. Бұл бастама вирусты жеңуге шынымен де ықпал етпек.
Марина Бекенова, тілші:
Ұлыбританияда күзге таман ұжымдық иммунитет қалыптасып, ел ковидтен құлан-таза айығады, дейді Ұлттық вакциналау компаниясындағылар. Бүгінде екпенің алғашқы дозасын алғандар саны 50 миллионнан асты, ал қос компонентін салғандар халықтың төрттен бір бөлігін құрайды.

Марина Бекенова


Хабарламаларға жазылу