Ақтөбеде екі бала суға батып кетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде екі бала суға батып кетті

13.05.2021

Ақтөбеде екі бала суға кетіп, қаза тапты. Оқиға кеше кешқұрым Бекқұлбаба аулында болған. 5 және 6 жастағы балалардың мүрдесі «Жаман қарғалы» өзенінен табылды. Құтқарушылар олардың әдейілеп суға шомылуға барғанын айтады.

Жақсыбек Кемал, тілші: 
Осы маңда ойнап жүрген екі баланы ауыл тұрғындары соңғы рет кешкі алтылар шамасында көрген. Ал, ата-аналары сағат тоғыздан бастап іздей бастапты. Алдымен, тұрғындар бес жастағы баланың денесін судың арғы бетінен тапқан.Ал, екіншісін түнгі сағат он екілерді құтқарушылар 7 метр тереңдіктен алып шықты.

Ауыл мен өзенге дейінгі аралық бар болғаны100-200 метрдей ғана. Қараусыз қалған балалардың су жағасына дәл қай уақытта барғанын ешкім білмейді. Тек олар жоғалған соң ғана бүкіл ауыл болып іздеу салған.

Нұрлыбек Айжарықов, облыстық ТЖД басқарма басшысы: 
7 метр тереңдікте, ауыл тұрғындары біледі екен, бұл жер терең екенін. Суға түспейді екен.  Балалардың суға түсіп кеткені белгісіз болып тұр.

Қаза тапқан балалардың үлкені өткен жылы ғана бірінші сыныпқа барған. Үйіндегі екі баланың кішісі екен.

Орынбасар Бекжанов, №76 орта мектеп директоры: 
Қараусыз қалған болып тұр ғой кешкі уақытта. Таңертең бала сабақта болды. Түске дейін оқиды. Сағат 12-де үйіне барды. Түсте де үйінде болған. Сағат 8-9-дарда хабар келді. Әрине, өкінеміз.

Қаза тапқан балалар нағашылы-жиенді. Кішісінің анасы мектепке жұмысқа кетерде кішкентайын ауылдың өзен жақ бетінде тұратын туысының үйіне жіберген.

Әмина, марқұмның анасы: 
Кетіп бара жатқанда менің бетімнен сүйіп-сүйіп, «Мама, мен барғым келмей тұр»,- деп, кетіп еді, білген ғой бір нәрсесін. 

Марқұмдардың туыстары кішкентайларын үлкен балалар ертіп барып, олар қашып кеткен болуы мүмкін дейді. Себебі, өзен жағасынан ересек адамның киімі табылды. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Жалпы, өңірде жыл басынан бері 5 адам суға батып кеткен. Оның екеуі бала.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу