Сенат ЕАЭО аясында Арменияның сауда саласына қатысты заңды қабылдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сенат ЕАЭО аясында Арменияның сауда саласына қатысты заңды қабылдады

13.05.2021

Сенат Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде Арменияның сауда әлеуетін арттыруға ықпал ететін заңды қабылдады. Сондай-ақ халықаралық ұйым аясында Қырғызстанның экономикалық қатынасына қатысты құжатты да ратификациялады. Дарын, Сенат қабылдаған заңдардың тиімді тұстары қандай?

Дарын Сағитов, тілші:
Одаққа қосылу кезінде Арменияға келер жылғы қаңтарға дейін кей тауарларға Бірыңғай кедендік тарифте неғұрлым төмен импорттық кедендік баждарды қолдану мүмкіндігі берілген. Дәлірек айтқанда, 94 тауар бойынша төменгі баж салығы қолданылады. Бұл ет, жарма, көкөніс, асыл тастар мен өзге де түрлі жабдықтар. Құжат үшінші елдермен сауда саттықты жақсартуға ықпал етеді.


Бақыт Сұлтанов, ҚР Сауда және интеграция министрі:
Қазақстан мен Арменя арасында сауда көрсеткіштері Одақтың ішінде басқа елдермен салыстырғанда ең төмен деңгейде. Алайда, Армения Одаққа қосылғаннан бері біздің экспортымыз осы елге 10 есеге көтерілді, Яғни 700 мың доллардан 7 млн долларға дейін.

Сенат отырысында қабылданған тағы бір құжат Қырғыз елінің экономикалық қарым-қатынасына қатысты. Көрші ел қазір барлық тауарлар бойынша Еуразиялық экономикалық одақтың Бірыңғай кедендік тарифінің мөлшерлемелеріне көшті. Пандемия мен Қырғызстанның экономикалық жағдайына байланысты қазір Қазақстанмен алыс-беріс біршама төмендеген. Бірақ қабылданған құжат аясында экспорт пен импорттың әлеуетін арттыру көзделген. 


сенат армения

Хабарламаларға жазылу