Мақтаарал ауданында тұрғындар жайылым жерлерді қайтаруды сұрайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мақтаарал ауданында тұрғындар жайылым жерлерді қайтаруды сұрайды

12.05.2021

Түркістан облысы Мақтаарал ауданында тұрғындар жайылым жерлерді қайтаруды талап етуде. Елді мекендердің іргедегі телімдері бірнеше жыл бұрын мақталық алқаптарға беріліп кеткен. Төрт түлігін өргізуден қалған жұрт аққа жарымай, амалсыз малдарын сатып жатыр.

Тілшіміз Айнұр Ақбаева ауыл тұрғындарымен кездесті.

Үйір-үйір жылқымыз болмаса да, есіктің алдындағы екі сиырды өріске айдап салатын күн келмеске кетті деп қынжылады мақтааралдықтар. Мыңнан аса тұрғыны бар Жамбыл мен Үлгілі ауылдарының төңірегіндегі жерлер жаппай егістікке беріліп, жекенің меншігіне өтіп кеткен. Атшаптырым аумақты меншіктегендер оған мал түссе атудан тайынбайды дейді жұрт.

Жан бағу үшін жұрт төрт түлігін көрші аудандарға дейін айдап апарып, амалдаған. Алайда қазір ондағы тұрғындар да бөтеннің малын жайлымға беттеттірмей қойған.

Амалы таусылған жұрт малын қорада қамап ұстауға мәжбүр. Бірақ төрт түлікті қолда бағу тұрғындар үшін қып-қызыл шығын. Сондықтан кейбірі малын сата бастаған. Ал, жергілікті атқамінерлер болса, жайылымға беретін ауылда бір қарыс жер жоқ деп қарап отыр.

Айнабек Жәмеддинов, Мақтаарал аудандық жер қатынастары бөлімінің бас маманы:
Мақтаарал ауданында 1400 гектар ғана жайылым жер бар. Оның өзі Жаңажол ауылдық округі, Жеңіс елді мекенінде ғана орналасқан. Қалған елді мекендерде жайылым жоқ десе де болады. Ауылдық елді мекендердің малдары қазіргі таңда арық-атыздың бойында, елді мекеннің ішінде жайылады.

Егістік жерлер кезінде заңды түрде берілген ,сондықтан оны қайтарып ала алмаймыз дейді мамандар. Ал, екі ауылдың тұрғындары жайылым мәселесі жуық арада шешілмесе, малдарын аудан әкімдігіне айдап апаруға бекініп отыр.

 Айнұр Ақбаева

Хабарламаларға жазылу