Елорданың іргесіндегі Қосшы ауылының 200-ге жуық тұрғыны баспанамыздан айырылып қаламыз ба деп қауіптеніп отыр. Олар «Diamond Park» тұрғын-үй қалашығынан пәтер сатып алған. Бірақ, баспана құнын толық төлесе де, оны басыбүтін өзімдікі дей алмайды. Мұның себебі неде? Тілшіміз тарқатады.
Қосшыдағы мына қызыл үйлер сырттай сәнді көрінгенімен, ішіне кірсеңіз мәселе көп. Ең қиыны, үй үш жыл бұрын пайдалануға берілген, бірақ, құжаты әлі жоқ.
Айтмағанбет Жүнісбек, «Diamond Park» тұрғын-үй қалашығының тұрғыны:
2017 жылы қарашада сіздерге құжат болады деді. Екі бөлмелі пәтерді 10 жарым миллионға алдық. Содан міне 2021 жылға дейін құлағымыздан көтеріп, көкке тартып келе жатыр.
Себебі, құрылыс компаниясының шоттары бұғатталып, салған нысандарын сатуға сот тиым салған. Өйткені, мердігер ұйым осыған дейін басқа үлескерлермен соттасып, жеңіліске ұшыраған. «Diamond Park-тағы» бірнеше үйді де заңсыз салыпты. Жерді сатып алмай тұрып, құрылысты бастап кеткен. Қазір жер басқа біреудің атында. Ал, оның алдындағы компанияның қарызы 160 миллион теңгеден асады.
Тұрғындар құрылыс компаниясының өкілдері қашып жүр,-дейді. Біз де хабарласып ек, байланыстан тыс жерде болып шықты. Амалы таусылған азаматтар көмек сұрап аудан әкіміне барды. Ұстатпай жүргендер сол жерде телефонға жауап беріп, жер иесімен соттасып жатқанын айтты.
Іс тиімді шешілуі үшін осы соттың нәтижесін күту қажет,-дейді әкімдіктегілер.
Қанат Ағзамұлы, Целиноград ауданы әкімінің орынбасары:
Бұл енді азаматтық іс болғандықтан мердігер компанияның өзі құжаттарын бермей жатыр. Қаншама біз сұраныс жасадық, арыз жаздық. Бірақ, та енді қолдан келгенше кеңес беріп, мынау өзіміздің заңгерлермізді беріп, көмектесіп жатырмыз.
Әкімдік өкілдері жағдайды бақылауда ұстайтынын айтты. Бірақ, мұнда бірнеше тарап болғандықтан, процесс созылуы мүмкін. Ал, құжатын үш жыл күткен тұрғындардың тағы қанша күтетіні белгісіз.
Амангелді Сейітхан