Шығыс Қазақстандағы Риддер қаласында төтенше жағдай жарияланды. Қала іргесіндегі өрттен бір адам қайтыс болды. Күйік шалған басқа екі адам реанимацияда жатыр. Кеше түстен кейін Риддер қаласының маңында орман өртеніп,жарты күнде 300 гектарға жуық аумақ жанып кетті. Оттың ортасында қалған тұрғындармен осы өңірдегі тілшіміз Берік Көшербай кездесіп қайтты.
Қатты желдің екпінімен қызыл жалын жылдам тарай бастаған. Жедел жеткен құтқарушылар дереу ондаған тұрғынды көшіріп, өрт сөндіруге кіріскен.
Айбек Даумов, өрт сөндіруші:
Біраз үйді алып қалдық. Негізгі күшті соларға жұмсадық. Өйткені қалған үйлердің шатыры жанып кетті. Содан күштің бәрін жанбаған үйлерге салдық.
Алапат өрт кезінде Лесхоз кентінде бірнеше сағаттың ішінде 31 үй жанып кетті. Баспанасыз қалғандардың бірі - 83 жастағы Лидия Қарыпова. Кенеттен үйі оттың ортасында қалғанда қайда қашарын білмей қалыпты.
Лидия Қарыпова, Лесхоз кентінің тұрғыны:
Бірінші кезекте жеке куәлігімді алдым. Одан кейінгі әрекетіме қазір не күлерімді, не жыларымды білмей тұрмын.
Берік Көшербай, тілші:
Бұл жердегі жалынның қатты болғаны соншалық әп-сәтте міне осындай кірпіштен салынған үлкен үйлер де түгел жанып кеткен. Қасындағы қора-қопсы, ішіндегі дүние-мүлік те күлге айналған. Бұл үйдің иесі қартайған шағыма деп біраз қаражат жинап жүрген екен және ақшаны шыны банкіге салып, еденнің астына тығып қойыпты. Бірақ сол 350 мың теңгеден бүгінде қалғаны осы ғана.
Өрт салдарынан 73 жастағы зейнеткер қайтыс болды. Тағы екі адамды күйік шалған. Қазір олар Риддердегі аурухананың реанимация бөлімшесінде жатыр.
Марал Төлеубаева, Риддер қалалық ауруханасы реанимация бөлімшесінің меңгерушісі:
1949 жылы туған адам денесінің 80 процентін, жас жігітте 40 процент күйік шалған. Қазіргі жағдайлары нашар.
Осы өртке байланысты Риддерде қалалық ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды. Жедел штаб құрылып, шұғыл телефон желісі де жұмыс істеп тұр. Өрттің шығуына қатысы бар деп шағын шаһардың 35 жастағы тұрғыны күдікті ретінде ұсталды. Қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу басталды.
Берік Көшербай