Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Қадір түніне қатысты мәлімдеме жасады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Қадір түніне қатысты мәлімдеме жасады

07.05.2021
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Қадір түніне қатысты мәлімдеме жасады

Қадір түнінде отандық телеарналар мен «Халық арна», «Хикмет ТВ» және muftyat.kz сайтының әлеуметтік желідегі парақшаларында арнайы онлайн бағдарлама көрсетіледі.

Биыл Қадір түнінде мешітте орындалатын діни рәсімдер онлайн режимде өтеді. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мәлімдеді.

«Еліміздегі және әлемдегі көптеген қоғамдық іс-шара мен жиындар онлайн режимде өтіп жатыр. Оның басты себебі пандемиялық жағдайды одан сайын күрделендірмеу екені белгілі. Өйткені жұқпалы дертпен оқшаулану арқылы ғана күресудің маңызы күн сайын артуда. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздегі пандемиялық жағдайды ескеріп, қауіпті дерттің таралуын алдын алу үшін қасиетті Қадір түнінде мешітте орындалатын діни рәсімдер онлайн режімде өтетінін хабарлайды», - делінген діни басқарма таратқан ақпаратта.

Сондай-ақ дін саласының мамандары Қадір кешін үйде өткізуге шақырды.

«Халықтың денсаулығы мен өмірі бәрінен қымбат құндылық болғандықтан, осындай уақытша шешімді дұрыс қабылдауларыңызды және тәртіпке бағынуларыңызды сұраймыз»,  - деді басқарма өкілдері.

Сонымен қатар қазақстандықтар діни басқарма жанындағы ақпарат беру орталығынан 8 (7172) 33 30 30 нөміріне хабарласып, тәулік бойы қызықтырған сауалды қоя алады.

Айта кетейік, «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы ертең сағат 22:45-тен бастап «Әзірет Сұлтан» мешітінен тікелей эфирде хабар таратады. Жамағат үшін мың айдан да қайырлы Қадір түні туралы жан-жақты ақпарат беріліп, арнайы шақырылған қонақтармен сұхбат жүргізіледі.


Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Қадір түні Ұлттық арна

Хабарламаларға жазылу