Ардагерлер бейбіт өмірде де еліміздің дамуына өлшеусіз үлес қосты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ардагерлер бейбіт өмірде де еліміздің дамуына өлшеусіз үлес қосты

06.05.2021

Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, майданнан аман оралған ардагерлер бейбіт өмірде де еліміздің дамуына өлшеусіз үлес қосты. Бүгінде олардың алды жасы жүзден асса да жүріс-тұрысы ширақ, қоғам өміріне белсене араласып жүргендері баршылық. Тағдыры тағылымға толы қазыналы қарттар жайлы Дәуренбек Әбдібектің бейнематериалы.

Қостанайлық Қасымхан Алдабергенов Қарасу ауданында 1925-ші жылы дүниеге келіп, 1943-ші жылы майданға аттанған. Әуе десанты қатарында қызмет етіп, Еуропаның үш елін азат етуге қатысты. 7 жылдан соң елге оралғасын ақпарат, мәдениет саласында еңбек етті. Қостанай облысының атынан алты рет республикалық ақындар айтысына қатысқан. Жыршы-термеші. Ол бұл өнердің бойына бала күнінен дарығанын айтады.
Қасымхан Алдабергенов, соғыс ардагері: 
Мен бес жастан 12 жасқа дейін Ақтөбенің Ырғыз ауданы, Жантай-Жабысақ ауылында өстім. Сол жерде мектепте оқыдым. Ол жердің адамдары жыршы болатын шетінен.
1983-ші жылы Абайдың «Масғұт», «Ескендір» поэмаларын жыр түрінде орындауы Алматы студиясында таспаға жазылған. Бұл бейнежәдігер қазір Ұлттық арнаның «Алтын қорында» сақтаулы.

Шығыс Қазақстан облысының Шемонайха ауданында тұратын Алексей Фирсов 102 жаста. Ол сұрапыл жылдары артиллериялық полк құрамында Забайкальедегі шайқастарға қатысқан. Өзін Жеңіс мерекесімен құттықтап келгендерге қарт майдангер ән шырқап берді.

Елордада тұратын 96 жастағы Мысалы Махамбетов әлі де тың. Күнде балаларымен серуенге шығады, өткен өмірінен естеліктер айтады. Соғыс жылдарында Ленинградты азат етуге қатысқан. Жеңіс туралы хабарды жау әскерін өкшелей қуып, Эстониядан асып, Берлинге жақындағанда естиді. Бірақ, соғыс аяқталғасын да әскерда қалып, елге 7 жылдан кейін оралған.
Мысалы Махамбетов, соғыс ардагері: 
Сонда мен 14 жасар бала едім, солардың қай жерде қандай құралы барын көріп, соны жаңағы өзі біздің әскердің басшыларына айтып, немістердің түбіне жеттік. Содан бері міне, қазір 96-ға келдім. Шүкір аллаға, сол ел қатарлы жүріп жатырмын.

Ақтөбелік ардагер Наталья Перевязконы бүгін белсенді жастар келіп құттықтап, азық-түлік себетін тарту етті. Кейуана биыл 102 жасқа толады. Ол соғыс уақытында тылда еңбек етіп, жеңісті жақындатуға өз үлесін қосқан.

Дәуренбек Әбдібек

Хабарламаларға жазылу