Еліміздің сыртқы қарызы өсті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміздің сыртқы қарызы өсті

06.05.2021

Еліміздің сыртқы қарызы шекті мөлшерден асып кеткен. Бюджеттік тұжырымдамаға сай, ол жалпы ішкі өнімге шаққанда 27%-дан аспауы керек. Бірақ Қазақстан бұл межеден әлдеқашан өтіп кеткен дейді сарапшылар. Мәжіліс депутаттары болса, миллиардтаған доллар саналатын сыртқы берешектің тиімсіз жұмсалып жатқанын айтып отыр. Қарыз көлемі қанша? Оның ұлғаюы несімен қауіпті? Тілшіміз тарқатсын.

Мемлекеттік қарыз – кез-келген отбасы банктен алатын кәдімгі несие секілді. Үкімет өндіріс немесе жол салу секілді ірі жобаларды іске асыру үшін тура солай шетелден кредит алады. Бірақ, пайызбен алынған қарыз мақсатсыз жұмсалып жатыр дейді депутаттар.

Ерлан Смайлов, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты:
 Нақты мысал айтайын. Биыл ел бюджеттің 710 миллион теңгесі Испанияға қарыз төлеуге жұмсалады екен. Оны 2001 жылы «Астана Горкуммунхоз» дейтін кәсіпорын алған. Бір қызығы жаңағы мекеме қазір жоқ. Қарызды алып алып, банкрот болғандар үшін неге бюджеттен ақша төленуі керек?

 Ресми мәліметке сай, қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстан сыртқа 163 миллиард 300 миллион доллар қарыз. Бұл былтырмен салыстырғанда 4,1 процентке яғни, 6,5 млрд-қа көп. Борыштың басым бөлігі Нидерландыға тиесілі. 44 миллиард доллар. Одан кейін Ұлыбриятания - 23, АҚШ - 13, Франция - 11 және халықаралық ұйымдарға 11 миллиард доллар берешекпіз.

Ал Ұлттық банк болса, сыртқы несиенің басым бөлігін жеке меншік компаниялар алған дейді. Талап бойынша ол да мемлекеттік қарыз болып есептеледі. Айтуларынша таза Үкіміттің қарызы аз, оны ЖІӨ-ге шаққанда қауіпсіз деңгейдеміз.

Сыртқы қарыздың көбі бюджеттің немесе халықтың қаражаты есебінен төленуге жатпайды. Өйткені борыштың шамамен 80%-ы мемлекет те, қарапайым азаматтар да жауап бермейтін жеке ұйымдардың міндеттемелеріне тиесілі. Мемлекеттік сыртқы қарыз ел борышының бар жоғы 8,2%-ын немесе 13,2 млрд АҚШ долларын, ал квазимемлекеттік сектордың сыртқы қарызы – 12,5% немесе 20,1 млрд АҚШ долларына тең. Бұл ІЖӨ-ге шаққанда 18,8%. Халықаралық тәжірибеге сәйкес, қауіпсіз деңгейге жатады.

Өзгелерге қарағанда жағдайымыз жақсы дейді Ұлттық банк өкілдері. Мәселен АҚШ сыртқа 25 триллион доллар берешек. Жапония 13,5 трлн, Қытай 16,2 трлн доллар қарыз. Оның көлемін ЖІӨ-ге шаққанда өте қауіпті деңгейде тұр. Десе де, дамыған елдермен Қазақстанды салыстыруға келмейді дейді сарапшылар.

Шолпан Айтенова, зерттеу орталығының директоры:
Өйткені біздің қаржымыз, біздің экономикамыз сыртқы экономикаға өте тәуелді. Біз мұнайға тәуелдіміз, мұнайдың бағасына тәуелдіміз. Дүние жүзіндегі нарықта болып жатқан жағдайға тәуелдіміз. Сондықтан да біз қарызды бей-берекет ала бере алмаймыз.

Несиені оңды-солды алмау үшін қарызды басқару жоспары қажет. Оны Ұлттық банк пен Ұлттық экономика және Қаржы министрліктері әзірлеуі тиіс. Сөйтіп, берешек алынар кезде оның мақсаты көрсетіліп, ашық талқылаудан өтуі керек. Бұл тиімсіз несиелердің алдын алады.

Сәбит Рысбаев, қаржыгер:
Бізде болған ЭКСПО бар, Универсиада бар. Білмеймін мемлекет оған қарыз алып, жапты ма жаппады ма. Бірақ ондай жағдайда ақшаны алып дарақылықпен қолданып жіберетін болса, бұл тиімсіз қарыздар. Ал егер қарыз мақсатты түрде жаңа технологияларға, зауыт, фабрикаларға алынған қарыздар ол қатты бір қорқатын нәрсе емес.
Досжан Маратұлы, тілші:
Жалпы қарызға белшеден бату елдің саяси имиджі мен экономикасына кері әсер етеді. Сол үшін жауаптылар жыл сайын парламентте мемлекеттік қарыз туралы бөлек есеп беруі керек деген ұсыныстар да айтылып жүр. Мұның бәрі Греция секілді қарыздың қақпанына түскен елдердің кебін киюден сақтайды дейді сарапшылар. Өйткені алмақтың да салмағы қашанда ауыр.

Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу