Атыраудағы NCOC компаниясында жаңа су тазалау кешені салынып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атыраудағы NCOC компаниясында жаңа су тазалау кешені салынып жатыр

06.05.2021

Атыраудағы қара алтын өндіретін NCOC компаниясында жаңа су тазалау кешенінің құрылысы қарқын алды. Бірегей бастама Мемлекет басшысы Қасым – Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасы негізінде жүзеге аспақ. Жоба іске қосылғаннан кейін, өндірілген мұнайдан шығатын су құрамындағы ластаушы заттардың көлемі азаяды. Жұмыс барысымен Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зұлфұхар Жолдасов арнайы барып танысты.

Су тазарту нысаны озық технологиямен салынып жатыр. Іске қосылғаннан кейін, Астрахань-Маңғышлақ құбырынан алынатын су көлемін 70 процентке дейін азайту көзделген. Нәтижесінде, жергілікті халықтың тұтынатын суы үнемделеді. Жоба зауыттағы қордаланған экологиялық проблемалардың түйінін тарқатып, өндіріске оң ықпал береді.

Нұраш Әжіғалиев, NCOC компаниясының еңбек, қоршаған ортаны қорғау және қауіпсіздік жөніндегі директоры:
Біз қазіргі күні тек 30 пайыз суды қайтадан зауыттың мұқтаждарына қолданып тұрмыз. Енді мына жоба қосылғаннан кейін, қайтадан қолданатын суымыздың мөлшері 70 пайызға дейін жетеді.

Бірегей кешен ілеспе су құрамындағы мұнай, метанол, күкірсутек сияқты заттардың көлемін азайтады. Мәселен, күкірсутектің көрсеткішін 70 процентке дейін төмендетуге қауқарлы.Осылайша, булану тоғандарына жіберілетін техникалық судың сапасы жақсарады.

Зұлфұхар Жолдасов, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы:
Ең бастысы экологиялық жағынан қайта өңделген судың қолдануын көбейту. Екіншіден мына жерде Лагуна деген тоғандары бар. Соған тастап жатқан судың құрамындағы ластарын азайту. Қазіргі компанияның ең басты проблемаларының бірі осы болып тұр. 

Құрылыс басында 150 адам еңбекпен қамтылған. Олардың санын 350-ге дейін көбейту көзделген. Өйткені жобаның ауқымы кең. Қазір жаңа қондырғыларды жобалау жұмысы жүргізіліп жатыр. Нысан келесі жылы аяқталып, 2023 жылдың басында пайдалануға берілмек.

Жандос Темірғали

Хабарламаларға жазылу