Алматы тұрғыны коронавирусқа қарсы вакцинаның екінші дозасынан кейін қайтыс болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы тұрғыны коронавирусқа қарсы вакцинаның екінші дозасынан кейін қайтыс болды

06.05.2021

42 жастағы Алматы тұрғыны коронавирусқа қарсы вакцинаның екінші дозасын алған соң қайтыс болды. Әлеуметтік желіде тараған 42 жастағы Бақытжан Нұртазиннің өліміне қатысты ақпаратқа қоғамдық қалалық денсаулық сақтау басқармасы жауап берді. Басқарманың мәліметінше марқұм 12 сәуір күні Covid-19 қарсы вакцинаның алғашқы дозасын алу үшін емханаға жүгінген. Процедура хаттамаға сәйкес өтті. Екпеден кейін азамат 30 минут бойы бақылауда болып, ешқандай шағым жасамапты. 21 күннен соң екпенің екінші компонентін алған. Дәрігердің қарауы кезінде жағдайы жақсы болыпты. 30 минуттық бақылаудан кейін үйіне қайтқан. Алайда сол күні өз үйінде жағдайы нашарлап, жедел жәрдем келгенше дейін көз жұмған. Алдын - ала болжамға сәйкес, марқұм жедел жүрек-қантамыр жетіспеушілігінен қайтыс болуы мүмкін. Қазір өлім себептерін анықтау үшін тергеу жүргізіліп жатыр. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Нақты диагноз гистологиялық зерттеуден кейін белгілі болмақ. 

Қуан Нұрақын

Хабарламаларға жазылу