Түркістан облысында майлы дақылдар үшін бірнеше жыл бойы субсидиядан қағылған шаруалар тығырыққа тірелді. Онсыз да пандемия кезінде біраз шығынға батқан диқандарға қазір тыңайтқыштар мен химикаттарды сатып алу қиынға соғып тұр. Ал, Ауыл шаруашылығы министрлігі майлы дақылдар үшін берілетін көмекқаржыны енді қарастырып жатқан көрінеді. Айнұр Ақбаева тарқатады.Талғат Сейданов басқаратын өндірістік кооперативтің құрамында 450 үлескер бар. Кооперативтің шаруалары үшінші жыл қатарынан өнімге берілетін субсидияны ала алмай келеді. Алайда шаруалар қолдау жоқ деп қарап отырған жоқ. Өз қаражаты есебінен жер жыртып, егін салуда.
Талғат Сейданов, өндірістік кооператив төрағасы:
Мемлекет тарапынан берілетін субсидияның барлығы алынып тасталды. Біздің басты сұранысымыз - сол субсидияларды орнына келтіріп, игерілген жердің көлемі, болмаса, өндірілген өнім көлеміне берілетін субсидияларды қалыпқа келтірсе деген басты бір өтінішіміз бар.
Дәл осындай қиындықтарды Келес ауданының шаруалары да бастан өткеруде. Жыл он екі ай егістіктен үш рет өнім алатын диқандар қазір өлместің күнін кешіп жүрміз дейді. Онсыз да өткен жылы індет тараған кезде көкөністері сатылмай, диқандар шығынға шаш етекен батқан. Ал, қазір қымбатшылық бүйірден қысып тұр деп наразы.
Нұрлан Байсаринов, шаруа:
Былтыр 3 мың теңге тұрған селитра, биыл 5,5 мың теңге тұрып жатыр. Барлық нәрсе қымбаттап кеткен.
Мұхамеджан Көлбаев, Келес аудандық фермерлер одағының төрағасы: Біздің ауданда шаруалар бір литр де солярка алған жоқ. Солярка алатын жердің қайда екені білмейміз. Екінші селитра мәселесі, келісімшартқа отырмайды.
Диқандардың жұмыс істеуіне тыңайтқышпен қоса техника да тапшы. Минералды тыңайтқыштардың 500-ге жуық түріне субсидия беру үшін қазынадан 5,5 млрд теңге қарастырылған. Алайда оны жеткізудің өзі машақат.
Сейітжан Әзбергенов, Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы:
Минералды тыңайтқыштар кешіктіріліп жатыр. Оның бір ақауы өзіміздің отандық минералды зауытымыз бар Ақтау қаласында орналасқан. Сонда ахаулар шыққан. Сомен кешіктіріліп жатқан жағдайы бар.
Тығырықтан шығу үшін мамандар диқандарды ресейлік тыңайтқыштарды алуға шақырады. Оның да елу пайызы субсидияланады деп отыр. Дегенмен бағасы қымбат болғандықтан шаруалар оны алуға құлықсыз.
Айнұр Ақбаева