Қазақстан аумағының 40 пайызында оба індетінің табиғи ошақтары бар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан аумағының 40 пайызында оба індетінің табиғи ошақтары бар

04.05.2021

Қазақстан аумағының 40 пайызында оба індетінің табиғи ошақтары бар. Солардың бірі Алматы облысының Балқаш ауданында. Өткен ғасырдың 47-48 жылдарында бұл аймақта оба тарап, 50-ден астам адам әп сәтте көз жұмды. Індеттің таралуын тоқтату үшін алақандай ауылға әскер кіргізіп, қыстақты тұрғындарымен өртеп жіберу туралы да тапсырма түскен, дейді көз көргендер. Ел аузында қара індет аталып кеткен дертті қалай жеңді? Өңірдегі тілшіміз Қуаныш Қанатұлының репортажы.

 Қуаныш Қанатұлы, тілші:
Обаның нақты ошағы осы жерден 60 шақырым жерде орналасқан. Қара індеттен сол жылдары тұтас бір ауыл қара жамылды. Көкжиде деп келген елді мекенді содан кейін Қырғынқыстақ деп атап кетті. Қазір сол нәубет жылдардан сыр шертетін осы тас қана.

Бейсембек ақсақал сол кезде 11 жаста. Інісі екеуі қақаған қыста аш-жалаңаш пана іздеп барғандағы көрген сәті әлі көз алдында. Оба анасы мен оның әпкесін жалмады. Ал әкесі майданда қаза тапқан. Айтуынша, ауылдың бір тұрғыны қоян аулап жеген. Содан оба жұғып қайтыс болған. Оны жоқтап барып, жерлеуге қатысқандар індет жұқтырып, небәрі екі сағат ауырып бірінен кейін бірі көз жұмады. Бір ауылдан 52 адам өлген. Індетті ауыздықтау үшін жоғарыдан қыстақты өртеп жіберу керек деген де пәрмен түскен.

Бейсембек Төстікбаев, Ақкөл ауылының тұрғыны:
Өртеу керек деген екен. Сонда сол кезде мен барып жазамын деп Жуков деген кісі келіп жазды, емдеп шықты. 2-3 айдың ішінде барлығын жазып шықты.

Жергілікті өлкетанушы Зәуреш Ғалымқызы қара індет жайында мәлімет жинап, оқиғаның бас-аяғын түгендеп жүрген жандардың бірі. Зерттеуші 70 жылдан астам уақыт бұрынғы оба мен қазіргі пандемия арасында ұқсастық бар дейді. Сол кезде ауылға әскер кіргізіп, ешкімді шығармаған. Оқшаулау мен екпе егудің арқасында індеттен құтылған.

Зәуреш Демеуқұлова, өлкетанушы:
Вакцинациялау деген шынын айтса осындай індеттің алдын алу, өзіміз үшін қажет дүние ғой. Біз соған түсіністікпен қарауымыз керек. Соны саналы түрде қабылдауымыз керек.

Індет тараған аймақта 1950 жылы обаға қарсы қызмет құрылды. Содан бері обаның табиғи жолмен таралуына тосқауыл қойылды. Мамандар кеміргіштерді аулап, тексеріп, көктем-күзде алдын алу шараларын жүргізіп келеді.

Айдар Әліпбаев, Бақанас обаға қарсы күрес бөлімшесінің басшысы: 
Соңғы 3-4 жылда оба шыққан жоқ. Өйткені даладағы тышқандардың да саны өте азайып кетті.

Қазір індет тараған ауыл басқа жерге көшірілген. Оқиға уақыт желегімен ұмытылып барады. Ал Бейсембек қария ауданда обадан қайтыс болғандардың есімі жазылған бір ескерткіш тақта болса екен деп армандайды.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу