Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үндістан премьер-министрі Нарендра Модиге жеделхат жолдап, коронавирустан қайтыс болғандардың отбасыларына көңіл айтты. Мемлекет басшысы індеттің өршуіне байланысты Қазақстан халқы бұл елге көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді. Үндістандағы эпидахуал күн санап ушығып барады. Бір тәулікте вирус жұқтырғандар саны 400 мыңнан асып, жаңа әлемдік антирекордқа жетті.
Үндістанда коронавирустың мутацияланған түрлері жылдам таралып жатыр. Бұл науқастардың күрт көбеюіне себеп болды. Елдіңден саулық сақтау жүйесі мұндай өзгерістерге дайын болмай шықты. Ауруханаларда орын жоқ. Медициналық заттар мен оттегі тапшы.
Атик, жергілікті тұрғын:
Дәрігерлер өкпені жасанды желдету аппараты жоқ болғандықтан, анамды ауруханадан шығарды. Жабдықты алу үшін осы жерге келдім. Кезекте тұрғаныма бір сағат болды. Анам тыныс ала алмай қиналып жатыр. Шарасыздың күйін кешудеміз.
Жедел жәрдем көліктерімен емдеу мекемесіне жеткізілген науқастар кезек күтуге мәжбүр. Көмек көрсетілгенге дейін көлік ішінде жатып көз жұмған адамдарда есеп жоқ. Күніне 3 жарым мыңдай тұрғын ажал құшып жатыр. Эпид жағдайдың ауырлығына қарамастан, ел билігі оқшаулау режимін енгізбей отыр.
Мона Десай, дәрігер:
Егер үкімет шектеулерді күшейтіп, карантин жариялағанда мұндай жағдай болмас еді. Адамдар санитарлық талаптарды сақтамайды. Көпшілік орындарда топтанып жиналу әлі де тыйылмай тұр.
Індеттің жаңа толқынына тосқауыл қою мақсатында, көптеген елдер Үндістанмен әуе қатынасына тыйым салды. АҚШ, Ұлыбритания, Германия сияқты мемлекеттер елге тонналап медициналық құрал-жабдықтар, оттегі концентраттары мен екпе жіберіп жатыр. Вакцинаны 18 жастан асқандардың барлығына салуға рұқсат берілді. Ауқымды науқан үшін мектеп ғимараттары да қолданыла бастаған.
Сумия Сваминатан, ДДСҰ бас ғалымы:
Үндістанда шығарылып жатқан вакцина мөлшері жеткіліксіз. Сондықтан Еуропа елдері, Америка AstraZeneca вакцинасымен бөлісетіндерін хабарлады. Бұдан бөлек Модерна екпесін жөнелту үшін келіссөздер жүргізіліп жатыр.
Үндістанда «ковидке» шалдыққандардың жалпы саны 20 миллионнан асты. Алайда, мамандар көрсеткіштер әлдеқайда жоғары болуы ықтимал дейді. Себебі халық тығыз қоныстанған елді мекендерде бақылау жүргізу мүмкін болмай тұр.
Жансая Қапасқызы