Арқалық қаласында коммуналдық жүйе әбден ескірген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Арқалық қаласында коммуналдық жүйе әбден ескірген

04.05.2021

Қостанай облысының Арқалық қаласында көптеген көпқабатты тұрғынүйлер тозып, жертөлесі лас суға толып тұр. Себебі коммуналдық жүйе әбден ескірген, шіріген құбырлар жиі жарылады. Тұрғындар бұған қызмет көрсетуші кәсіпорындарды кіналайды, ал олардың да айтар өз уәжі бар.

Бұл бейнежазбаны Арқалық қаласы Байтұрсынов көшесіндегі 9-шы үйдің тұрғындары түсірген. Олардың айтуынша, жертөледегі лас судан төменгі қабаттағы пәтерлердің қабырғасы сыз тартып, көгере бастапты. Жағымсыз иіс қолқаны қауып, қара күзде сары маса қаптап кетеді. Кіреберістің де іргетасы мүжіліп, құлауға шақ тұр.

Тұрғындар бұл келеңсіздікке коммуналдық қызмет көрсетуші кәсіпорынды кінәлайды.

Динара Шілдебайқызы,  Арқалық қаласының тұрғыны: 
Бұл жағдай соңғы үш жылдың маңында болды. Одан бері кәсіпорын басшысыена қаншама рет қолқа салдық, қаншама өтініш тастадық. Өтінішіміз орындалмайды. Басшысы ылғи қашады, телефонын өшіріп тастайды,  жіберген хабарламаларымызды оқымайды.

Кәсіпорын басшысы жағдайды білгенмен жертөледегі шіріген құбырды ауыстыруға қол қысқа дейді. Жөндеу жүргізу үшін тұрғындар меншік иесі ретінде өздері қаржы жинауы тиіс. Алайда олардың көбі ай сайынғы міндетті жарнаның өзін уақытылы төлемейді. Кәсіпорынға тұрғындар берешегі 1 млн теңгеге жеткен.

Уәлихан Бекет, коммуналдық қызмет көрсететін басқарушы компания басшысы:
1 айда бізде тариф 32 теңге 29 тиын. Сонда әр пәтерден айына 1200-1300 теңге төленуі тиіс. Жалпы бір айда бізге осы үйден 114 мың теңге түсуі керек. Ал сәуірдегі есеп бойынша тек 23 теңге түсті.

Қаладағы осы салаға жауапты мамандар Арқалықтағы 133 көп қабатты үйдің 80 процентінің инженерлік жүйесі ескіргенін айтады. Мемлекеттің «Тұрғынүй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту» бағдарламасына сәйкес 2020 жылға дейін тек 13 үй жөнделген. Бүгінде бағдарлама тоқтады, енді жұмыстың әрі қарай қалай жалғасары белгісіз. Сондықтан әзір су басқан сайын жертөлені тазартып отырғаннан басқа амал жоқ.

Дәуренбек Әбдібек 


Хабарламаларға жазылу