«KAZ Minerals Bozymchak» компаниясы 1200 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«KAZ Minerals Bozymchak» компаниясы 1200 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр

02.05.2021
0:00:00
0:00:00

Кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырғыз республикасы және Тәжікстан президенттері: Садыр Жапаров пен Эмомали Рахмонмен олардың шекара бойында болған қақтығысқа байланысты телефонмен сөйлескенін Ақорда сайты хабарлады. Мемлекет басшысы шиеленісті ахуалға байланысты алаңдаушылық білдіріп, шекара сызығын белгілеу сияқты күрделі мәселелер өзара сенім мен достыққа негізделе отырып, конструктивті келіссөздер барысында шешілуі керек екенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы уақытта осындай қақтығыстарды болдырмау жөнінде тиімді келісімге қол жеткізу үшін Душанбеде жоғары деңгейде кездесу өткізу туралы уағдаластықты қолдады.

Қазіргі жағдай: екі тарап оқ атпау туралы хаттама қол қойды. Және екі елдің президенттері осы айда Душанбеде кездесуге келісті.

Тәжікстан мен Қырғызстан арасындағы даулы шекара аймағындағы қақтығыс 28 сәуірде басталды.

Қырғызстан денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше қақтығыстан Қырғызстанның 173 азаматы жараланып, 34 адам көз жұмған. Арасында 13 жастағы қыз бала бар. Қақтығыс аймағынан 27 мың адам көшірілген. Бірнеше күн ас-ауқатсыз қалған адамдардың қалай қиналып кеткенін бейнелейтін фотолар тарады.

Тәжікстан өкіметі мерт болғандар мен жараланғандар туралы мәлімет таратпады. Кейбір деректер бойынша 12 азаматы опат болған.

Оқиға былай басталған: Тәжікстанның бір топ азаматы шекарада орналасқан Головной су тарату орталығына бақылау камерасын орнатпақ болады. Ол жерде қырғыз жұмысшылары жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатады. Бір-біріне сенбейтін көршілердің наразылығы әуелі төбелеске, одан әрі тас лақтыруға ұласқан. Жанжалға көрші ауылдардың тұрғындары қосылды. Артынша әскерилер оқ атты.

Қырғызстанда кеше және бүгін қаралы күндер деп жарияланған. Қырғыз-тәжік шекарасының жалпы ұзындығы – 970 шақырым. Осы уақытқ дейін 504 километріне ғана делимитация және демаркация жұмыстары жүргізілген. Ал шекараның келісілмеген тұстары сол маңайдағы ауылдарда су, жер-ге байланысты дау туғызып, қару қолдануға дейін барады.

Мың сан проблемаға қарамай, Орталық Азия мемлекеттері ынтымақтан айнымаса керек. Басқа жол да жоқ. Біздің елшіліктің ұйымдастыруымен Қырғызстандағы қазақстандық бизнес туралы Жазира Оразқызының сюжеті.

Кәсіпкер Әсемкүл Тұмарбекова 2007 жылы Алматы облысы Іле ауданында ісін бастаған. Қазір Қазақстанда бірнеше компаниясы тұрақты жұмыс істеп тұр. Пластик құтылар шығаратын шағын өндірісі қырғыз нарығында да жоғары сұранысқа ие.

Әсемкүл Тұмарбекова, кәсіпкер: 
Қазақстанды қайтіп танытсақ деген оймен алғаш Қырғызстанға келдік 2012 жылы. 8 жылға жуық жұмыс істеп жатырмыз. Әрине, алғаш келгенде оңай болған жоқ. Кішігірім станоктарымызды алып келіп, осы жерде ақырындап аяқтан тұрып бастадық.

Бүгінде кәсіпкер 15 адамды жұмыспен қамтып отыр. Өндірісі толық автоматтандырылған. Шикізатын негізінен Ресейден алады.

Әсемкүл Тұмарбекова, кәсіпкер: 
Ең төменгісі 6-4 сом болады, ең жоғарғысы – 12-13сом. Бізде тек грамажы бойынша құтының. Ішін басқа кәсіпкерлер толтырып, қақпағын жауып, этикеткасын жабыстырып жібереді. Үлкен магазиндерде шығып тұрады.

Жерлесіміздің бизнестегі ендігі бағыты – қазақстандық брендке сай сапалы өнім шығарып, өзге елдерде дамыту.

Қырғыз нарығын жаулап, экономикасының қарыштап дамуына сеп берген қазақстандық алпауыт компанияның бірегейі – «KAZ Minerals Bozymchak». 8 жылдан бері елдегі ең үздік мекеме. 1200 адамды тұрақты әрі жалақысы жоғары жұмыспен қамтып отыр. Оның 97 пайызы – қырғыз азаматтары.

Ильяс Төлекеев, қазақстандық «KAZ Minerals Bozymchal» компаниясының бас директоры:
Пандемия кезінде де жұмысшыларымыздың қауіпсіздігін басты назарға алдық. Арнайы штаб құрдық. Осы штабтың арқасында бір тәулікте іс-қимыл жоспарын әзірледік. Өндіріс іркіліп қалмас үшін қолымыздан келгенше ауқымды жұмыстар атқарылды.

Бозымшак – «KAZ Minerals» компаниясының Қазақстаннан тысқары жерде орналасқан алғашқы жобасы. 2007 жылдан бастап кен-байыту комбинатына 430 млн доллар инвестицияланды. Қос мемлекет қашан да сауда-экономикалық бағытты дамытуға мүдделі. Өткен жылдың қорытындысы бойынша елдер арасындағы тауар айналымы 800 миллион долларға жуық. Сарапшылар коронакризиске байланысты сауда айналымының біршама төмендегенін айтып отыр.

Төлөнбек Абдыров, экономист-сарапшы:
Президенттеріміз жолыққанда, сауда-саттығымызды 2 млрд доллардың көлеміне жеткізу жақсы үміттер бар.  Қырғызстанның іскерлері көбі Қазақстанда істеп тұрады «мен» деген іскерлері. Қазақстаннан болса, 1 млрд доллардың көлемінде чоң инвестициялар бұл жаққа жұмсап жатады.

Бүгінде Қырғызстанда қазақстандық капиталдың қатысуымен 2 мыңға жуық кәсіпорын жұмыс істеп жатыр. Қазақ инвесторлары тау-кен, қайта өңдеу, құрылыс, сауда, банк секторында, телекоммуникация саласында қамтылған. Ал қазақ жерінде қырғыз бизнесмендерінің 1 мыңнан астам кәсіпорны бар.

Төлөнбек Абдыров, экономист-сарапшы:
Біздің іскерлер Қазақстанда, қазақтың іскерлері Қырғызстанда емін-еркін істеуі керек.

Десе де, елдегі саяси тұрақсыздық қазақ кәсіпкерлеріне де кесірін тигізіп жүр. Мәселен, мемлекет билігін құлатқан соңғы дүрбелең салдарынан республика экономикасы 8 миллиард сом, яғни, 40 млрд теңгеге жуық қаржы жоғалтқан.

Ильяс Төлекеев, қазақстандық «KAZ Minerals Bozymchal» компаниясының бас директоры:
Елдегі толқулардың кесірінен жұмысымыз тоқтап қалды. Өндірістің ешқайсысы жұмыс істеген жоқ. Ашуға булыққан наразы топ біздің өндірісімізді тоқтатып тастады. Қызметкерлеріміздің өмірі мен денсаулығына қауіп төнбес үшін жұмысты тоқтатуға мәжбүр болдық.

Бұл – компания тарихында болған алғашқы оқыс оқиға. Өндірісті қайта қосу үшін 2,5 ай уақыт пен қаншама күш-жігер жұмсалды. Президент Садыр Жапаровтың араласуымен қырғыз экономикасына қыруар қаржы құятын қазақстандық компанияларға бар тараптан қолдау көрсету қатаң тапсырылды.

Жазира Оразқызы, тілші:
Осындан 6 ай бұрын астан-кестеңі шығып, толассыз толқулар өткен Бішкектегі Орталық алаңның бүгінгі көрінісі, міне, осындай. Қазір елдегі саяси жағдай тұрақталды. Қырғыз жұрты бәз-баяғыдай бейбіт күн кешіп жатыр. Қандай жағдайда да қолдау білдіретін Қазақстан әлемді шарпыған пандемия кезінде де бауырлас елге барынша жәрдем көрсетті. Covid-19-ға қарсы іс-қимыл шеңберінде көрші мемлекетке гуманитарлық көмек жіберді. Азық-түліктен 5 мың тонна ұн, 16 тонна медициналық жүк, оның ішінде коронавирусты емдеу кезінде аса маңызды өкпені жасанды желдетудің 400 мобильділік аппарат жиынтығы, жалпы құны 400 млн теңге болатын Қазақстанда жасалған 2 млн дана медицналық маска бар. Сондықтан қиыншылықта қол ұшын созған, тонның ішкі бауындай бауырластығын Қазақстанға қырғыз жұртының ілтипаты да, ықыласы да ерекше.

Жазира Оразқызы



Хабарламаларға жазылу