Мемлекет басшысы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздарымен кездесуге қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздарымен кездесуге қатысты

02.05.2021
0:00:00
0:00:00

Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясы өтті. 29-шы. Н.Назарбаев төрағалықты Президент Қ.Тоқаевқа берді. Ал Тоқаев Назарбаевты Ассамблеяның құрметті төрағасы етіп тағайындады.

«Менде Қазақстан халықтары ассамблеясын өмір бойы басқару құқығы бар. Сондықтан сіздермен бірге боламын, бас тартпаймын. Дегенмен кейбір құзірет ел Президентіне тиесілі» деді Н.Назарбаев.

Сонымен бірге «100 жаңа есім» байқауының қорытындысы шықты. Президент Қ.Тоқаев онлайн режимде қатысты. Альбина Әшімнің «Ақорда.Тоқаев. Апта» айдары.

Дамир Нүркежанов – Қазақстанның жаңа есімі. Жас болса да, Талдықорғанда білім ордасына бас болып отыр. 21 жасында робот техникасы мектебінің негізін қалады. Болашақ «Илонбайларды» тәрбиелеп жүр.

Дамир Нүркежанов, робот техникасы мектебінің негізін қалаушы, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы:
Жоғарғы сынып балалары ардони деген платформаның көмегімен құрал-жабдықтар жасайды. Ақылды үйге арналған қондырғылар, бағдаршам, парктроник деген сияқты. Біздің ашылғанымызға 2 жылдан асты. Осы уақыт ішінде біздің оқушыларымыз 11 рет республикалық олимпиадалардың жеңімпазы атанды. Сонымен қатар 17 оқушымыз халықаралық программа бойынша балатех деген олимпиаданың финалына өтіп, 5-орын иеленген болатын.

Дүниежүзілік экономикалық форумның болжамына сәйкес, 2022 жылға қарай әлемде 75 млн адамның орнын робот басады. Тура 1 жылдан кейін бұл жорамал орындалмауы мүмкін. Бірақ IT болашақтың мамандығы екенін мойындау керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Болашақтың кілті цифрландыру мен инновацияда екенін білесіздер. Қазір робот жасау ісін белсенді дамытуға және ғарышты игеруге баса мән берген жөн. Ал Санжар мен Дамир жоғары технология саласында бірегей жобаларды жүзеге асырды.
Дамир Нүркежанов, Робот техникасы мектебінің негізін қалаушы, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы:
Президент менің атымды атағанда қуанышты көңіл-күйде болдым, әрине. «100 жаңа есім» бізге не берді? Біріншіден, үлкен таныстықтар берді. Әр саладағы жеңімпаздар – өз істерінің шеберлері. Соларға қарап, мәссаған, мынаны мына кісі жасапты ғой деп, біз де қоғамға пайда тигізейік деп, өзімізге мотивация жинадық.

Иә, еліміздің «жаңа есімдері» - өз ісімен өзгені алға жетелейтін мотиваторлар. 2017 жылдан бері жобаға 7,5 мың адам қатысыпты. Жеңімпаздар ішінде қазір әлемнің алпауыт компанияларында жұмыс істеп жүргендер бар. Ал биыл ғылым, білім, технология, мәдениет пен спорт сынды түрлі саладан 30 тұлға суырылып шықты. Солардың бірі – вирусолог Қайсар Табынов. Жас ғалым бастаған ұжым құс, жануар тұмауларына қарсы 10 вакцина әзірлеген. Ал қазір жаһандық ең маңызды 2 мәселе басты назарда: ковид-19 бен аллергия. 2 вакцина-кандидат дайын. Солардың бірі – жаңа технология бойынша әзірленген нано-вакцина. Қайсар елімізде жаңа биофармацевтикалық өндіріс салу керек, - дейді. Өйткені бұл ғасыр «вирусология ғасыры» болатынын болжап отыр.

Қайсар Табынов, вирусолог, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы:
Биологиялық қауіпсіздігі жоғары жаңа зертхана қажет. Осы саланың мамандарын оқыту керек. Сол кезде кез-келген пандемиямен тиімді күресе аламыз.

Ал шығыстан шыққан жаңа есім жаңалық ашпаса да, ауылы үшін пайдалы іс атқарды. Ахат Рақышев өзен үстінен өтетін 100 метрлік аспалы көпірдің сызбасын сызған.

Асарлатып, ауыл болып, Ахаттың идеясы жүзеге асырылды. Ұстаздық етіп жүріп, қоғамдық істі қолға алған Ахат Рақышев, осылайша, арман мен нәтижені жалғайтын көпірді де салып бергендей.

Енді бірқатар азамат үшін «алтын көпір» болған Ассамблеяға тоқталсақ. Нұрсұлтан Назарбаев кезекті сессияда жетістікке жетіп қана қоймай, өзгені де жетелеп жүрген ұйым мүшелеріне алғыс айтты. Төрағалық қызметін Тоқаевқа тапсырды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:
Жалпы, мен сіздермен барлық уақытта бірге боламын әрі одан бас тартпаймын. Дегенмен, Ассамблеяны басқаруға қатысты бірқатар құзірет еліміздің Президентіне жүктелген. Тіпті, бұл да маңызды емес. Қазақстан халқы Ассамблеясы тірек ретінде іс басындағы Президенттің жанында тұруы тиіс және екінші жағынан Мемлекет басшысы да Ассамблеяға арқа сүйейді.

Өйткені 130-дан астам ұлт пен ұлысты ұйыстырып отыру оңай шаруа емес. Ассамблеяның негізгі міндеті де сол: Қазақстан халықтарының бірлігі сақталуына сеп тигізу. Біздің тілек: бұл маңызды міндет мереке қарсаңында ғана емес, үнемі есте болса екен...

Альбина Әшім


Хабарламаларға жазылу