«Kinopark» кинотеатрларында «Аве Мария» фильмі жарыққа шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Kinopark» кинотеатрларында «Аве Мария» фильмі жарыққа шықты

30.04.2021

«Kinopark» кинотеатрларында «Аве Мария» фильмі көрерменге жол тартты. Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі оқиғаны баяндайтын туындыны АҚШ және қазақстандық компаниялар бірігіп түсірген. Осының нәтижесінде, екі елдің киногерлері тәжірибе алмасып, алдағы уақытта тағы да бірнеше жобаны қолға алуды жоспарлап отыр.

«Аве Мария» фильмінің сценарийі шетелдік білікті режиссерларға көрсетіліп, жоғары баға алған. Адамға ой саларлық туынды екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталар тұсында болған жантүршігерлік оқиғаны суреттейді. Басты мақсат – мейірімнің - зұлымдық пен жауыздықты жеңетінін қалың көрерменге жеткізу, дейді продюсер.
Еркін Илгашев, фильм продюсері:
Бұл Францияда болған оқиға. Жары соғысқа кеткеннен кейін неміс солдатымен көңіл қосып, аман қалудың жолын іздеген келіншектің өмірі бейнеленеді. Негізгі идея жамандықтың әрқашан жеңілетінін насихаттау.
Фильм өткен жылы 8 айдан астам уақыт бойы 3 мемлекетте түсірілген. Оның 80 пайызы АҚШ-та болса, қалғаны Беларусь және Қазақстанда таспаланған. Актерлық құрамға көбіне шетелдік актерлар таңдалып, негізгі түсірілім жұмыстарын қазақстандық компания атқарды.
Батырбек Ғаділбеков, кинокомпания өкілі:
Бұл жерде басты мақсат ақшада емес. Бұл жерде голливудтық проектілерді Қазақстанға көп алып келу.  Біздің осы кинода қазақ актерлары да ойнады. 
«Аве Мария» фильмі әйгілі «Кан» және өзге де кино фестивальдерге ұсынылмақ. Сондай-ақ, кино туындыны жуырда «Netflix» компаниясы сатып алған. Фильм сол арқылы әлемге таралып, қазақ киносының дамуына үлкен серпін береді дейді мамандар.

Нұрхан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу