Қазақ телевизиясының ардагері Сұлтан Оразалы 80 жасқа толды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ телевизиясының ардагері Сұлтан Оразалы 80 жасқа толды

30.04.2021

Журналист-жазушы, еліміздің еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ телевизиясының ардагері Сұлтан Оразалы 80 жасқа толды. Мерейлі тойға орай кемел парасат иесіне айрықша құрмет көрсетілді.

Ұлт абызына айналған ақсақалдың 80 жас тойы Еуразия ұлттық университетінде өтті. Қара шаңырақта осыдан бес жыл бұрын Сұлтан Шәріпұлы атында аудитория ашылса, бүгін «Университеттің құрметті профессоры» атағы берілді.

Сұлтан Оразалы 20 жылдан астам уақытын Қазақстан ұлттық арнасына арнаған телеөнер тарланы. Халқымыздың саңлақ тұлғаларымен сұхбаттасып, жарқын бейнесін таспаға жазып алған азамат.

Құдайберген Тұрсын, филология ғылымдарының докторы, профессор:
 Сұлтан аға осы жылдар ішінде 300-дей хабардың сценариін жазды. Эфирге өзі шығарды. 1000-нан астам хабарға өзі жетекшілік жасады.

Әсіресе, ұлтымыздың бекзат өнері айтысты 1976 жылы алғаш эфирге шығарды. Одан бөлек, «Қымызхана», «Сахна», «Поэзиялық кеш» сияқты хабарлар дайындап, елдің рухани құмарын қандырды.

Серік Негимов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
Ол диктор бір жағынан, бір жағынан режиссер, бір жағынан редактор, бір жағынан интервьюер, бір жағынан ұлы репартер. Ол барлығы Сұлтан аға Шәріпұлының теледидар тарихындағы бір өзгеше мектеп.

Сан қырлы талантымен көпті мойындатқан Сұлтан Шәріпұлы қаншама шәкір тәрбиелеп, жиған тәжірибесін жастармен бөлісті. Һәкім Абай мұрасын зерттеп, көпке насихаттады. Шығармашылықпен бірге мемлекетті қызметті қарап атқарып, тіл комитетінің төрағасы болып тұрғанда тарихи атауларды қалпына келтіруге айырықша үлес қосты.

Амангелді Сейітхан

Хабарламаларға жазылу