Түркістан облысы Келес ауданында 2,5 мың гектар егістік күйіп барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысы Келес ауданында 2,5 мың гектар егістік күйіп барады

30.04.2021
0:00:00
0:00:00

Түркістан облысы Келес ауданында 2 жарым мың гектарға жуық жердің бау-бақшасы мен көкөнісі шөлден күйіп кетудің аз-ақ алдында тұр. Өйткені каналдың бастауындағы көрші Өзбекстан уәдесінен тайып, ағын суды шекарадан буып тастаған. Қыс бойы өндірген көшеттерін енді ғана ашық алқапқа отырғызған диқандар маңдай термен еткен бейнетіміз далаға кететін болды деп ашынып жүр.

Жылыжайда өндірілген 20 мыңнан астам қызанақ көшетінің жартысынан көбі - осындай күйде. Ашық алқапқа егейін десе су жоқ. Жерге тамыр жая алмаған өскіндер шөлден мерзімінен бұрын гүл аша бастаған.

Әбдіәкім Аманов, шаруа:
Егіп, қысымен істеген 6 ай еңбегіміз, бейнетіміз аспанға ұшып кетіп жатыр. Арықта су болмағынаны 1 айдың жүзі болды. Жер қып-қызыл сүдігер. Тамшы су жоқ. Арықтың ішінде балалар футбол ойнап жүр.

Солтүстік Ташкент каналы арқылы шекара шебіндегі он шақты ауылға келетін ағын су бір аптадан бері сап тыйылды. Көктемнің шуақты күні әп-сәтте жердің кенезесін кептіріп жіберген.

 Әлайдар Уәлиханов, шаруа:
Жарты жер емес әшейін бір бұрышына ектік. Жеріміз сол күйі жатыр. Егуге мүмкіндік жоқ. 

Бұл түрімен ауылдағы ағайын банкке белшеден қарыз болғалы тұр. Диқандардың дені егіс үшін көктемде қаржы ұйымдарынан несие алған.

Орынбасар Мұратов, шаруа:
Осы болмаса кредитті жаба алмаймыз. Мойныма ілінеді ол қарыз. Енді ел аралап кетем бе, басқа амал жоқ.

Тап осындай қиындық болатыны алдын ала болжанып, екі жақ бір бірімен әлдеқашан келіссөз жасаған болатын. Өйткені биыл қыста қар аз болғандықтан Өзбекстандағы Шарбақ ГЭС-не жылдағыдан 4 есе су кем жиналды. Сондықтан қазақ пен өзбек жағы әу баста аз суды кезекпен, үнемдеп пайдаланайық деп келісім жасаған.

Ергешбай Әбішев, Келес ауданы әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
Дүйсенбі күні су тоқтаған. Бүгінгі күні су келмей, суды кеше жіберді. Енді осы дихандардың егіншілігіне толық су жеткізіп бергенше суды тоқтатпаймыз деп келіссөз жүргізіп жатырмыз.

Проблеманы шешу үшін аймаққа бүгін су шаруашылығы саласының басшылығы барды. Уәдеде тұрмаған көршілермен енді қайтадан келіссөздер басталмақ.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу