Қаржы пирамидасының кесірінен 160 адам 2 млрд теңге қаржысынан айырылған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қаржы пирамидасының кесірінен 160 адам 2 млрд теңге қаржысынан айырылған

30.04.2021
0:00:00
0:00:00

Тұрғындардың оңай олжаға қызығуы тиылмай тұр. 160-тан астам адам қаржы пирамидасының қақпанына түсті. Пайда табамын деп барынан айырылғандар енді қайда барарын білмей отыр. Astex.kz компаниясына құйған ақшаларын қайтара алмай жүрген топ компания қожайынының ұшты-күйлі жоғалып кеткенін айтады.

Ағайынды Шыңғыс пен Алмас Құрманғалиевтер Astex-ті тендер арқылы пайда табу мақсатымен ашқан. Ал оны продюсер Баян Алагөзова мен танымал вайнерлер жарнамалап, көпшілікті инвестиция құюға шақырады. Клиенттерді көбейту үшін бұл іске «Mudaraba capital» мекемесі де кірісіп, делдал ретінде жұмыс істеген. Енді олардың өзі жұртпен бірге алдандық деп отыр.

Руслан Бурканов, «Mudaraba capital»  компаниясының бас директоры:
Бір жылдай жақсы жұмыс істедік. Олар бізге түскен пайданың 20 пайызын аударса, біз салымшыларға 7-9 пайызын төлеп отырдық. Жыл басынан бері бұлар ақшаны кешіктіріп, түрлі себеп айта бастағандықтан, келісімшартты бұздық. Алайда, қаржымызды әлі күнге дейін ала алмай отырмыз.

 «Mudaraba capital» компаниясына сенген 160-тан астам адам инвестиция ретінде бас аяғы 2 миллиардқа жуық қаржы құйған. Солардың бірі Ұлжалғас осы жылдың қаңтар айында жұбайы екеуі кәсіп ашуға жинаған 5 млн теңгесін санап бергенін айтады.

Ұлжалғас Парасатқызы, жәбірленуші: 
Олар кіргенде сервистары сондай жақсы болып, сөйлеген сөздері басқалай болып, енді бізге ұнады. Бес ай күттік.  Өзіміздің ақшамызды ала алмай отырмыз.

2 миллиардты қалтаға басқан Алмас Құрманғалиевтан бірнеше айдан бері хабар жоқ. Ал туған бауыры Шыңғыс «бұл былыққа мүлде қатысым жоқ» дейді.

Шыңғыс Құрманғалиев, кәсіпкер: 
Ағаммен араздасып қалғанбыз. Қазір араласпаймыз. Компания менікі деп есептегенмін. Кейін Алмас Astex брендін пайдаланып, Astex.kz атауымен жұмысын жүргізді. Компанияға да, салымшыларға да еш қатысым жоқ.

Қалалық полиция департаменті осы іске қатысты тергеуді бастады. Алайда, Алмас Құрманғалиевке іздеу жарияланбаған. Бейресми дерек бойынша, ол миллиардтарымен Грузияға кетіп қалған. Ал өзіміз де алдандық деген «Mudaraba capital» компаниясы салымшылардың қаржысын жыл аяғына дейін қайтарамыз деп отыр.

Нұрхан Нұрланұлы


Хабарламаларға жазылу