Бүгін еліміз бойынша «Берекелі Рамазан керуені» атты республикалық қайырымдылық телекөпірі өтті. Игі шараның аясында шалғай ауылдардағы мұқтаж жандарға сый-сияпат таратылды.
Игілік көлеміне қарап өлшенбейді. Мына қоржындар шағын болса да, мұның ішінде адамдардың ыстық ықыласы мен ниеті бар. Діни басқарма қолға алған ерекше бастамадан облыстардағы мешіт имамдары да шет қалмады. Сөйтіп «Берекелі Рамазан керуені» азық-түлік үлестіруге жолға шықты.
Ел бойынша 11 мың 465 отбасы қамтылды. Қарлығаш көмек елорда іргесіндегі ауылдарда тұратын мына балақайларға да жетті. Бұл әулет тұрмыс тауқыметі қысқан соң туған өңірі Жетісайдан қоныс аударған. Астанаға келгендеріне айға жуықтады. Қазір Салтанат ірі сауда орталығында еден жуушы, ал күйеуі құрылыста. Күн көрісіміз тәуір,-дейді отанасы.
Шараны «Зекет және қайырымдылық» қоры ұйымдастырды. Көмекті үлестіруге еріктілер ат салысты.
Жалпы Рамазанда қайырымдылық акциялары молынан жасалды. Әлеуметтік аз қамтылған 80 мыңға жуық отбасыға азық-түлік қоржыны тапсырылды. 60 мыңдай отбасыға ауызашар тартуы табысталды. Оның сыртында науқастарға шипа, үйсіздерге пана болу жолындағы шаралар тағы бар.
Нысаналы Ығыл