Елордалықтардың 60% вакцина алғанда ұжымдық иммунитет пайда болады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордалықтардың 60% вакцина алғанда ұжымдық иммунитет пайда болады

29.04.2021

Елорда тұрғындарының 60 пайызы вакцина алған кезде, ұжымдық иммунитет пайда болады. Осыдан кейін қалыпты өмірге қайта ораламыз. Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бахтияр Макен осындай болжам айтты. Әлбетте, вакцина алу түйткілді мәселе. Оны жақтайтындар да, даттайтындар да көп. 

Жұрт коронавирустан қажыды. Бірақ, вирустың шаршайтын түрі жоқ. 14 айдан бері шектеулерден көз ашпаған ел қалыпты өмірді аңсайды. Бұдан әрі үйден шықпай, томаға-тұйық күн кешу тым қиын секілді. Айналаға қарасақ вирус әлі дендеп тұр. Бірақ, үміт жоқ емес. «Титтей құтыға құйылған сұйықтық тығырықтан шығарар жалғыз жол». Бұл сөзді дәрігер, ғалым атаулының бәрі қысқа күнде қырық қайталап айтып жатса да күдік, күмән басым.

Абай Байгенжин, «Ұлттық ғылыми медициналық орталық» АҚ басқарма төрағасы:
Ресейлік «Спутник» вакцинасын әлемнің, Еуропаның мен деген зертханалары микроскоппен құрамын зерттеп шықты. Олардың ойы, вирустан мін табу еді. Алайда, сан түрлді тексерістен бұл вакцина сәтті өтті. Оның тиімділігі 97,6 пайыз.

Абай Байгенжиннің айтуынша, «Спутник» вакцинасы қалыптастырған иммунитет кемі екі жыл, тіпті өмір бойы ағзаны қорғап тұрады. Беделді ғалымның сөзі көңілге медеу. Жалпы, ұжымдық иммунитет қалыптасу үшін Елордада 650 мың адам екпе алуы шарт. Ал, республикалық масштабта қазақстандықтардың кемі 60 пайызы егілуі керек.

Бақтияр Мәкен, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары:
Қазіргі таңда елордада 100 мыңнан астам адам вакцинаның бірінші компонентін, 16 мыңнан астамы екінші компонентін алды. Тұрғындардың ресейлік «Sputnik-V» вакцинасын немесе қазақстандық QazVac вакцинасын таңдауға мүмкіндігі бар.

Елордадағы ірі сауда орталықтарының бәрінде вакциналау бекеттері ашылды. Олардың саны 50-ден 100-ге дейін көбейген. Жұмысы таңғы 8-ден түнгі 12:00-ге дейін ұзартылды.

Сәуле Атығаева, Нұр-Сұлтан қаласының көпбейінді медициналық орталығы директорының орынбасары:
Менің коронавирус госпиталінде жұмыс істеп жүргеніме 15 ай болды. Сәуірде қаңтар айына қарағанда ауру жұқтыру көрсеткіші 3-4 есеге артты. Өлім көрсеткіші 5 есе өсті. Қайтыс болған адамның туыстарынан «әттең, вакцина ертерек пайда болғанда, ата-анамызға екпе жасатқанда қазір аман-есен үйде отырар еді» деген өкініштерді жиі естимін.

Аптасына жеті күн, демалыссыз жұмыс істеп жүргеніне жылдан асты. Бұл біздің дәрігерлер.

Тимур Мұратов, Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
Бір жыл асты, пандемияның ішінде өмір сүріп келеміз. Денсаулық сақтау жүйесіне түсіп жатқан салмақ еселеп артты. Біздің қызметкерлер физикалық тұрғыдан да, моральдық тұрғыдан да шаршады.

Үміт бар. Тек таңдау керек. Ал, таңдау әркімнің жеке құқы.

Ғабит Бөкенбай


Хабарламаларға жазылу