Үндістанда коронавирустан қайтыс болғандарды көшеде өртеп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үндістанда коронавирустан қайтыс болғандарды көшеде өртеп жатыр

28.04.2021

Үндістанда коронавирус жұқтырғандар саны бойынша әлемдік рекорд жаңарды. Кеше 360 мыңнан астам адамнан індет анықталып, 3300-дей науқас көз жұмды. Құрбандардың жалпы саны 200 мыңнан асты. Вирустан қайтыс болғандардың көптігінен, крематорийлер мәйіттерді қабылдап үлгере алмай, оларды көшелерде өртеп жатыр. Әлемнің бірнеше елі Үндістанмен әуе қатынастарын тоқтатты. Ал, АҚШ, Ұлыбритания, Ирландия, Германия мен Франция бұл елге медициналық жабдықтар жіберіп, көмектесіп жатыр.

Пәкістанда да вирустың күрт өршуі байқалады. Күніне 5 мыңнан астам адам дертке шалдығуда. Шектеу шаралары күшейтіліп, 16 ірі қалада талаптарды қадағалау үшін жауынгерлер тартылды.

Ал Чилиде ковидке қарсы вакцина 16 аптадан асқан жүкті әйелдерге салына бастады. Препаратты егу диабет пен семіздікке шалдыққан болашақ аналарға да рұқсат етілген. Жалпы елде халықтың 32 пайызы екпенің екі дозасын алды.

АҚШ-та толық вакцина алған адамдарға далада, адам аз жерде маскасыз жүруге рұқсат берілді. Америка халқының 95 миллионнан астамы екпе қабылдаған. Мемлекет басшысы мұны «керемет жетістік» деп отыр. Жалпы Құрама штаттарда 32 миллиондай тұрғын «ковид» жұқтырып, 573 мыңнан астамы қайтыс болды.

Жансая Қапасқызы

Хабарламаларға жазылу