Алматыда күзетшіге оқ атқан адам туралы жаңа дерек шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда күзетшіге оқ атқан адам туралы жаңа дерек шықты

27.04.2021

Алматыда күзетшіге оқ атқан ер адам туралы жаңа дерек шықты. Ол төрт жыл бұрын туған әкесін ұрлап кеткені үшін айыпталған. Ал оның үстінен өзінің жақын ағайындары арыз жазғаны анықталды. Тіпті полиция іс қозғап, оған іздеу салынған. 53 жастағы азамат Алматыға өткен жылы отбасымен бірге көшіп келген. Алайда әйелі жуырда ажырасу туралы арыз беріп, балаларымен төркініне кеткен. Туысқандары күдіктінің жүйке ауруына шалдыққанын жоққа шығармады. Жергілікті тұрғындар да оның адамдармен көп жанжалдасатынын айтты.

Олардың сөзінше, жанжал жиһаздан туындаған болуы мүмкін. Себебі, пәтерінде жөндеу жұмыстары жүріп жатқан соң тұрғын дивандарын кіреберіске қойған. Алайда пәтер иелері кооперативінің өкілдері жиһаздарды далаға шығарып тастаған. Онсыз да жүйкесі жұқарған азамат қызметкерлердің рұқсатсыз әрекетіне ашуланып, осындай қадамға барған болуы мүмкін. Қазір аталған іске қатысты тергеу жалғасуда. Полицейлер оның қаруды қайдан алғанын анықтап жатыр.

Нұрхан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу