Семейде 60 отбасы тұратын жатақхана заңсыз сатылып кетті. Енді ондағы халық 20 жылдан астам уақыт тұрып жатқан пәтерлерін жекешелендіре алмай, не сата алмай әлек болып жүр. Ал ғимаратты меншіктеп алған адам халыққа тұрып жатқан баспаналарынан кетуге, олай болмағанда жалдап тұру ақысын төлеуді талап етуде. Алайда, заңгерлер «қожайынмын» деген азаматтың қолында ешқандай құжаты жоқтығын анықтаған. Ол 2005 жылы ғимаратты қаланың «Жылукоммунэнерго» мекемесінен қарызы үшін алған көрінеді. Бірақ, сатып алғандығы жайлы еш жерде тіркелмеген. Тұрғындар да құқықтарын қорғап сотқа жүгіне де алмай отыр. Өйткені жатақханадағы пәтерлер әлі олардың меншігі емес. Жергілікті әкімшілік болса, даулы мәселеге жылдар бойы назар аудармай келген. Бұған қатысты тілшілерге де түсінік беруге құлық танытпады.
Шамиль Магамаев, заңгер:
Біз прокуратураға өтініш жаздық. Олар біздің өтінішті ТҮКШ-на жіберген. Ал олар сырғытпа жауап қайтара салды. Енді қала әкімі уәде беріп отыр. Бұл жатақхана да, жер де заң бойынша мемлекеттің меншігінде. Сондықтан оны мемлекетке қайтып алу керек. Содан кейін тұрғындар пәтерлерін рәсімдеуі тиіс.
Қанат Ұсабаев, тұрғын:
Бұл үйді сатқан кезде бос кезінде сатуы керек. Соны алды да бәрін сатып жіберді. Халықпен бірге сатып жіберді. Келіп бетке айтып отыр.
Ержан Жақып