Биыл «Қарағанды-Балқаш» тас жолына асфальт төселеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл «Қарағанды-Балқаш» тас жолына асфальт төселеді

26.04.2021

«Қарағанды-Балқаш» күре жолына биыл жыл соңына дейін асфальт төселеді. Жаңадан салынып жатқан тас жолдың алғашқы екі жолағы былтыр тапсырылады деп уәде етілген болатын. Алайда пандемия жұмысқа әсерін тигізбей қоймады. Енді жұмыс қайта қарқын алды. Руслан Нұрланұлы халықаралық транзиттік маңызға ие жол құрылысына барып қайтты.

 Ұзындығы 400 шақырымға жуық «Қарағанды – Балқаш» тасжолын жаңарту жұмыстары 2019 жылы басталған болатын. Содан бері жұрт айналма жолдың азабын тартып-ақ келеді.

Владимир Артемасов,  автомеханик:
Мұндағы басты проблема - дөңгелек. Жүк көліктеріне Алматыдан шығарда жаңа шина салады. Осында жеткенше жарамсыз болып қалады дейді жүргізушілер. Себебі айналма жол көп. Оларға қиыршық тас төгілген. Су жаңа дөңгелекті кесіп тастайды. Ал ондай шиналар жөндеуге келмейді.

 Өткен жылы пандемияға байланысты елдегі төтенше жағдай кезінде құрылыс қарқыны айтарлықтай бәсеңдеп қалды. Карантин талаптарына сәйкес жұмысшылар да, техника да учаскелерге уақытылы өте алмаған. Тек мамыр айының аяғында ғана толықтай іске кіріскен.

Нұралы Тойымбетов,  мердігер:
Оның үстіне бұл жақтың климатына байланысты жазғы 4-5 ай ғана жол құрылысына қолайлы. Әрине біздер соған қарамастан технологиялық талаптарды сақтап, мерзім үдесінен шығуға тырысамыз.

Былтыр жұмыс қызған тұста айналма жолдардың жалпы саны 70-ке жетіп, қатынас тіпті қиындап кетті. Есесіне 20 миллион текше метр аумаққа жолдың негізгі қабаты төселіп, 260 су құбыры мен 5 көпір салынған.

Сырым Хамзин, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ ҚОФ директорының орынбасары:
Уақытша жолдарды осы жол құрылысы сезонының аяғына дейін жойып, осы жылдың аяғында асфальтты-бетонның үстімен көлік қозғалысын жүргіземіз деп отырмыз. Әрине айналма жолдар енді автомобиль жолдарын пайдаланушылар үшін кедергі келтірді. Жұмыстың 30 пайызы аяқталды. Биыл бұл көрсеткішті 60-70 пайызға жеткіземіз деп отырмыз.

Халықаралық стандарттарға сай жобаның құны - 248 миллиард теңге. Жол төрт жолақты болмақ. Арнайы қоршау қойылады. Қауіпсіз әрі тақтайдай теп -тегіс болуы үшін жоғарғы қабатына қиыршықтас пен мастикалық асфальт бетоны жабылады.

Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу