Ақтөбеде оқушылар төбелесіп, 15 жастағы жасөспірім қаза тапты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде оқушылар төбелесіп, 15 жастағы жасөспірім қаза тапты

28.01.2019

Оқиға Ақтөбе облысының Шалқар қаласында болды. Кеуде тұсынан жарақат алған бала ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер өміріне араша түсе алмады. Қылмысқа қатысы бар күдікті қамауға алынды.

Сенбі күні кешқұрым балалар жаңадан ашылған қысқы демалыс орнында қыдырып жүрген. Сол жерде №6 мектеп пен Ідіріс Үргенішбаев атындағы мектеп оқушылары төбелескен. Ауыр жараланған жасөспірімді ауруханаға қасында жүрген балалар алып келген. Алайда, дәрігерлер оның өмірін құтқарып қала алмады.

Асқар Есмағамбетов, Шалқар аудандық ауруханасының бас дәрігері:

- Қасындағы балалардың көмегімен ауруханаға жеткізілген. Жағдайы өте ауыр болды. Реанимациялық іс-шаралар жасалды.

Осы оқиғадан кейін ата-аналар шұғыл жиналып, мектепте жиын өткен.

Әлия Оспанова, Шалқар қаласындағы №6 мектептің директоры:

- Екі мектептің оқушылары арасында қақтығыс болған. Бұл - қынжылтатын жағдай. Мектепке Ішкі істер бөлімінен өкілдер келіп, жұмыс істеп жатыр.

Күдікті ұсталды. 16 жастағы мектеп оқушысы адам өлтірді деген күдікпен қамауға алынды. Тергеу амалдары жүріп жатыр.

Ерболат Сарқұлов, облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі:

- Осы қылмысқа қатысы бар деген күдікпен Шалқар қаласының 2002 жылғы жасөспірімі ұсталды. Осы дерек бойынша ҚР ҚК 99-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жалғасуда. Күдікті абақтыға қамалды.

Бұл - соңғы 1,5 ай ішінде өңірде тіркелген үшінші оқиға. Желтоқсан айында Ақтөбедегі дарынды балаларға арналған мектеп интернат оқушылары төбелесіп, бір бала пышақ жарақатымен ауруханаға жеткізілген еді. Ал, осыдан екі апта бұрын ғана төрт мектептен жиналған 40 бала тағы жаға жыртысты. Ол кезде де бір бала ауыр жараланды.

Шалқарда болған төбелес осылайша қайғылы қазамен аяқталды. Полиция негізгі күдіктімен бірге 10-сыныптың тағы бірнеше оқушысын ұстаған. Олардан куәгер ретінде жауап алынып, кейін босатылған.

Жақсыбек КЕМАЛ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу