Алматыда атыс ұйымдастырған ер адам Ресей азаматы болып шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда атыс ұйымдастырған ер адам Ресей азаматы болып шықты

26.04.2021

Алматыда «Бұқар жырау Тауэрс» тұрғын үй кешенінде болған жанжалдан аяғы жарақаттанған күзетшінің жағдайы тұрақты. Ол аурухананың жарақат бөлімінде ем алып жатыр. Ал оқиғаның себепкері 56 жастағы ер адамның неліктен мұндай әрекетке барғаны әлі күнге дейін анықталмай отыр. 

Мұқым елді дүрліктірген оқиға сенбі күні күндіз басталды. Әскери киінген ер адам кешеннің күзетшісімен жанжалдасып, аңшылыққа арналған мылтығымен аяғына оқ атқан. Кейін пәтеріне жасырынған. Оқиға орнына арнайы жасақ жетіп, тұрғындарды эвакуациялады. Ал мергендер көрші үйдің терезесінен күдіктіні нысанада ұстаса, сақшылар 6 сағаттан астам уақыт бойы оның өз еркімен берілуін талап етті. Алайда күдікті келіссөзге көнбей, кіреберіске шамамен 30 рет оқ атқан.

Артынша ер адам пәтерінің терезесін сындырып, мылтығымен қоса секіріп, оқиға орнында көз жұмды.

Нұрхан Нұрланұлы, тілші:
Терезеден секіріп мерт болған азамат дәл осы пәтерде тұрған. Қазір үйдің есігі жабық, мөрленген. Ал айналада шашылған әйнек қалдықтары мен қоқысты қызметкерлер жинап үлгерген. Кіреберісте оқ дәрінің иісі қатты сезіледі. Дегенмен, 17 қабатта құдды бір ешкім тұрмайтын сияқты. Тып-тыныш, ешқандай қозғалыс байқалмайды.

Жергілікті тұрғындар бұған дейін ер адамның жиі жанжалға барғанын айтады. Тіпті олар күзетшіге оқ атылғанда бірден көршіміздің ісі екенін білдік дейді.

Татьяна Молдашева, куәгер:
Күзетшіге оқ атылғанда бірден көршіміздің әрекеті деп ойладым. Өйткені, үнемі ұрыс шығарып жүретін. Сондай-ақ, үй кіреберісін бірнеше рет ластап, үйіндегі жићазын жолға қойып тастаған жағдайлар болды. Алып таста деп өтініш айтқанымызбен, өз дегенінен қайтпайтын.

Айта кетейік, операция кезінде арнайы жасақтың екі өкілі жарақат алды деген мәлімет тараған. Алайда, бұл қате ақпарат болып шықты.

Салтанат Әзірбек, қалалық ІІД ресми өкілі: 
 Жергілікті тұрғындар, полиция тарапынан ешқандай азаматтар зардап шеккен жоқ. Операцияны жүргізген кезде қандай да бір полиция тарапынан өлтіруге бағытталған қару-жарақ қабылданған жоқ. Дыбыс шығаратын гранаталар сияқты және жарық шығаратын гранаталар қолданылған болатын.

Ал аяғына оқ тиген күзетші қалалық 7 ауруханада ем алып жатыр. Жағдайы тұрақты дейді дәрігерлер.

 Бауыржан Өтешов, қалалық №7 клиникалық аурухананыңтравматолог-дәрігері:
Сол жақ тізе буынның жарақатымен келіп түсті. Науқасқа жедел көмек көрсетілді. Жағдайы бірқалыпты. Жарақат бөлімінде ем алып жатыр.

Ал күзетшіге оқ атқан ер адамның Ресей азаматы екенін анықталды. Сондай-ақ жуырда оның жары мен балалары үйінен кетіп қалғаны белгілі болды. Сондықтан, жантүршігерлік оқиғаға дәл осы жағдай да себеп болуы мүмкін деді полицейлер.

Нұрхан Нұрланұлы


Хабарламаларға жазылу